Батыс Қазақстанда соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілуде

Облыстық ерікті мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжановтың айтуынша, мұндай шара жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Кездесуге келген соғыс және еңбек ардагерлері кезінде облыстық, қалалық және аудандық бастауыш ұйымдарды басқарды немесе жұмысына белсене араласты. Әлі де ұйыммен байланысын үзген жоқ.
Соғыс және еңбек ардагері, облыс әкімінің кеңесшісі Бисен Жұмағалиев жиналғандарды облыс әкімдігі атынан құттықтап, бәріне мықты денсаулық тіледі. Сонымен бірге облыстық ардагерлер ұйымы басқармасының төрағасы Мырзағали Мұхамбетов пен «Нұр Отан» ХДП қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Асыланбек Сарқұлов та бұрынғы майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне жылы лебіздерін арнады. М.Мұхамбетов белсенді қоғамдық қызметі және ұйымның ширек ғасырлық мерейтойына орай Ж. Қожжановқа марапат қағазын табыс етті. Әрі қарай соғыс ардагерлері: Қадыр Ғайсин, Хамза Сафин, Алевтина Митрохина және басқалары сөз сөйлеп, тағдырластарын ұйымшылдық пен қажырлылыққа шақырды. Олардан басқа, мерекемен құттықтағандар арасында тыл ардагерлері: құрметті ұстаз Меруерт Жолдықайырова, Мақсот Батыров және басқалары болды.
Ардагерлерге арнап Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Мұрат Әмірханов ән шырқаса, мектеп оқушылары би билеп, өнер көрсетті. Соңынан бүкіл құрметті қонақтарға гүл және құттықтау хаттар табыс етілді.
Осындай шаралар қала, аудандарда, мекеме-ұйымдарда да ұйымдастырылуда.