Батыс Қазақстанда соңғы он жылда 308 адам суға батып кеткен

БҚО төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Марс Отаровтың айтуынша, өңірде 200-ге жуық су айдындары бар. Суға батудың себептері әр түрлі. 31 пайызы суға ішімдік ішіп түскеннен, 26 пайызы судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау және жүзу білмегендіктен, 17 пайызы суға түсуге болмайтын жерде шомылу, 13 пайызы балалардың ересек адамдардың қарауынсыз қалуынан болып отыр. Суға батқандардың 42 пайызы Орал қаласы, 22 пайызы Зеленов, 9 пайызы Ақжайық ауданының үлесіне тиеді. Қайғылы оқиғаның 37 пайызы Шаған, 25 пайызы Жайық, 12-13 пайызы Деркөл өзені мен Желаев кенті маңындағы карьерде орын алған.
Қаза болғандардың орта жылдық көрсеткіші - 30 адам. Соңғы үш жылда олардың саны төмендегені байқалады.
Алда жаз келе жатқандықтан, аталмыш департамент наурыздан бері алдын алу шараларын жүзеге асыруда. 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында облыстық білім басқармасымен бірлесіп өңірде арнайы алдын алу айлығы өткізілуде. Мамыр айында мамандардың қатысуымен мектептерде интерактивтік сабақ өткізу жоспарланып отыр. Наурыз айында 5-8 сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізіліп, оған 30 мыңға жуық оқушы тартылды. Сұралғандардың 37 пайызы жүзу білмесе, 27 пайызы ересектерсіз суға барады, 18 пайызы суға батып кету қаупін бастан кешкен. 22 пайызы судағы қауіпсіздік ережелерін білмейтін болып шықты.
Департаментке қарасты суда құтқару қызметінің 7 «УАЗ», 2 «Нива» автокөлігі, көптеген қайықтары бар. Төрт бірдей жедел топ ауысыммен кезекшілік қызмет атқарады. Жеке құрам арнайы киіммен, құрал-жабдықпен 100 пайыз қамтылған. Өңірде 4 құтқару бекеті болса, оның екеуі Орал қаласында, біреуі Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында, енді біреуі Шалқар көлінде орналасқан.