Батыс Қазақстанда су тасқынының алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды
Өңірдегі су көздерінің 80 пайызы бастауын Ресей Федерациясынан алады. Сондықтан тасқын судың алдын алу жұмыстары әрдайым Саратов және Орынбор губернияларындағы төтеншеліктермен ақылдаса жүргізіледі.
Батысқазақстандық мамандар су тасқыны басуы ең ықтимал 16 аумақ пен елді мекенді түгел сараптап, төлқұжаттандырды. Ғарыштық зерттеулер институтының жәрдемімен Бітік және Дөңгелек су қоймаларында апат болған жағдайда Жайық-Көшім су жүйесі бойында болуы мүмкін төтенше жағдайлардың сызбасы жасалды. «Батыс Қазақстан гидрометеорология орталығы» РМК-нің 22 гидрологиялық бекеті мен Ресейдің 7 гидробекетінен алынған ақпарат негізінде ықтимал тасқындар туралы ақпарат алдын ала жеткізіліп тұрады.
Соңғы жылдары ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі тасқын қаупі бар аумақтарда «Қазавиақұтқару» АҚ аэровизуальдық зерттеулер жүргізе бастады. Төтенше жағдайда ел-жұртты құлақтандыру үшін эфирлік арнаға тікелей шығу жолы әзірленді.
Батыс Қазақстан облысында 2011 жылы болған алапат су тасқынынан кейін бес ауданда орналасқан 19 бөгет пен суағар қондырғыны бекіту үшін 150 111 991 теңге қаржы жұмсалды. Соның ішінде Ақжайық ауданында бөгетті қалпына келтіру үшін 44 831 700 теңге, Жаңақала ауданындағы 9 бөгетті арналау үшін 4 200 300 теңге бөлінді. Зеленов ауданындағы бөгетке 64 813 225 теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, қосымша күшейтілді. Бұдан бөлек Қазталов (7 440 000 теңге), Теректі (28 826 766 теңге) аудандарында да бөгеттерді жөндеу және бекіту жұмыстары жүргізілуде.