Батыс Қазақстанда Тастөбе шайқасының 175 жылдығына арналған шара өткізілді

ОРАЛ. 16 қараша. ҚазАқпарат -  15 қараша күні Жаңақала ауданында Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде маңызды орын алатын Тастөбе шайқасының 175 жылдығына арналған шара өткізілді.
None
None

Батыр бабаларымыз соңғы рет табан тіреген шайқас даласы - Тастөбе Бекетай құмының Жаңақала ауданына қараған бөлігінде, аудан орталығынан тікелей 132 шақырым шамасы, Жаңақазан ауылынан 80-85 шақырым жерде.

Тастөбе шайқасын Халел Досмұхамедов: «Исатай көтерілісі қазаққа өзінің ел екенін білдірді, жұрттың ұлт сезімін қозғады, қазақтың бірігуіне себеп болды» деп бағаласа, белгілі тарихшы А.Рязанов: «Қара халықтың бостандығы үшін жанын құрбандыққа шалған айтулы күрескер Исатай батырдың ерлігі мен есімі қазақ халқының ұлттық батырлары Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, тағы басқалардың есімдерімен қатар асқақ тұруы тиіс» деп, белгілі орыс ғалымы М.Вяткин: «Исатай-Махамбет қозғалысы ... алдына мақсат-міндеттерін айқын қойған көтерілістердің бірі болғанын айту абзал» деп жазды.

Осындай ұлтымыз үшін маңызы зор шайқас өткен қасиеті де, қасіреті де мол Тастөбеге 2003 жылы сол кездегі аудан әкімі Төлеген Мерғалиев қасына белгілі күйші композитор Қаршыға Ахмедияров пен жер тарихын жақсы білетін көнекөз қарияларды ілестіріп барып, шайқас өткен орынды анықтап, белгі орнатқан еді.

Тастөбе шайқасын осы бағытта ұғынған аудан әкімдігі бүгінгі ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеу, аталған шайқасты тәрбие құралына айналдыру мақсатында айтулы оқиғаға биылғы 15 қарашада 175 жыл толуына орай аудан орталығында ескерткіш мемориалдық кешен орнатуды қолға алған болатын.

Мемориал құрылысы толық аяқталмаса да, бұл күн ауданда атап өтілді.

Бұл күнгі шара тек мемориалдың құрылысымен танысумен шектелмей, Тастөбе шайқасында құрбан болған бабалар рухына ас беру, оқиғаға орай кітап көрмесін ұйымдастыру, «Тастөбеге тағзым» атты тарихи-танымдық конференция өткізу, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының «Махамбет» спектаклін тамашалау, тағы басқа да бір күндік кешенді жұмыстарға ұласты.

Конференцияда Жаңақала ауданы әкімі Лавр Хайретдинов көтерілістің мән-маңызына тоқталса, тарихшы Зұлқожа Шарафутдинов, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті тарих және құқық факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов, осы университеттегі «Қазақстан тарихы» кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, аға оқытушы Балқия Бақтығұлова баяндама жасады.

Соңғы жаңалықтар