Батыс Қазақстанда төрт бірдей жылқыны қолды еткен «барымташылар» ұсталды

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Фордтың» жүргізушісі жол полициясының талабына құлақ аспай, бой тасалауға тырысады. Бірақ көп ұзамай қолға түсті. Машина салонынан бөлшектелген бірнеше жылқы еті шықты. Сөйтіп бұрын ұрлығы мен кісі тонағаны үшін сотталған облыс орталығының екі 23 жастағы, 29, 36 жастағы және екі 30 жастағы тұрғындары ұсталды. Сондай-ақ қылмыстық топ құрамына Жәнібек ауданының 33 жастағы тұрғыны кірген. Олар жауап алу кезінде Көнеккеткен ауылынан алты шақырым жердегі Қосауыз қыстағынан төрт жылқыны жымқырып, сойып алғандарын айтып берді. Полиция олардың сол қыстақтан 23 қараша күні ұрланған екі ірі қараға қатыстылығын да анықтады. Бұл жолы «барымташыларға» Сырым ауданы Алғабас ауылының 36 жастағы тұрғыны «көмектескен». Жылқы еті иелеріне қайтарылды, ал сиыр етін ұрылар сатып үлгерген.