16:41, 21 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда тосын оқиға салдарынан адам қазасы орын алды
ОРАЛ. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Желтоқсанның 19-ында облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Қарашығанақ кенішіндегі «PMCW» нысанында гидрологиялық сынақ кезінде жарылыс болғаны туралы суыт хабар түсті.

Департаменттің баспасөз қызметінің аға маманы Дәмет Жұмағұлованың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, тосын оқиға салдарынан ресейлік «Флагман» фирмасының жұмысшысы, 1982 жылғы Б. деген оператор басынан жарақат алып, қайтыс болған.
Осы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Желтоқсанның 20-сында Зеленов ауданының Рожков ауылында болған өрттің салдарынан бір адам өмірмен қоштасты. Өрт «Юнисерв» ЖШС-іне тұрғын үй ретінде жалға берілген бұрынғы медпункттен шыққан. Отқа оранып, төбесі құлап түскен үйден 1965 жылғы Б. деген ер адамның мүрдесі табылған. Өрттің шығу себебі анықталып, келтірілген шығын есептелуде.