15:08, 03 Наурыз 2010 | GMT +5
Батыс Қазақстанда туберкулезбен күрес айлығы өткізілуде
ОРАЛ. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ақпанның 23-і мен наурыздың 23-і аралығында туберкулезбен күрес айлығы өткізілуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Наурыздың 3-інде Орал қаласындағы №1 кәсіптік мектепте «Біздің мақсатымыз - туберкулезді тоқтату» атты іс-шара өткізілді. Онда дүние жүзінде жыл сайын 2 млн. адам аталмыш дерттен көз жұматыны айтылды. Қазақстанда жыл сайын 22-23 мың науқас тіркеледі. Батыс Қазақстанда өкпе дертінің азайып келе жатқанына қарамастан, онымен күрес күн тәртібінен түспек емес. Бұл туралы Елбасының биылғы Жолдауында да айтылып, нақты міндет қойылғаны белгілі.
Туберкулездің алдын алу, оны емдеу мәселелері жөнінде маман-дәрігерлер сөз алып, бейнефильм көрсетіліп, сөзжұмбақ жасырылды. Жастарға ақпараттық әдебиеттер таратылып, ашық пікір алысылды.
Мұндай шаралар әлі де жалғасын таппақ.