Батыс Қазақстанда тұмауға қарсы егу жұмыстары жүргізілуде
Батыс Қазақстан облысы бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Теміржан Сукашевтің айтуынша, тұмау туралы жан-жақты мәліметті БАҚ арқылы халыққа жеткізу мақсатында елімізде арнайы топтар құрылып, барлық аймақтарда жұмыс жасауда. Өңірдегі топ Астана, Алматы қалаларындағы санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталықтары мен вирусологиялық зертханаларының жоғары санатты мамандары, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы өкілдерінен құралған. Алматы қаласындағы ғылыми-практикалық сараптама орталығының дәрігер-эпидемиологы Мейрамгүл Смағұлованың сөзіне қарағанда, басты мақсат - тұмаудың алдын алу. Мемлекет бюджетінен миллиондаған қаржы бөлініп жатыр. Вакциналар барлық аймақтарға таратылды. Қазірдің өзінде еліміздің миллионға жуық азаматы тұмауға қарсы екпе алды. Бұрын екпелер 1 қазан мен 15 қараша аралығында жүргізілетін. Бүгінде бұл жұмыстар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының айтуымен желтоқсан, қаңтар айларында да жалғаса беретін болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша биылғы маусымда былтырғыдай A (H3N2), А (H1N1) және В типті тұмау вирустары мен тұмау емес респираторлық вирустардың айналымы болжанып отыр.
Биыл жергілікті бюджеттен 15 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп, 21741 дана Франциядан шыққан «Ваксигрипп» вакцинасы алынған. Бұлар барлық аудан мен Орал қаласы бойынша таратылып, 15 қарашаға дейін 21741 адамға егу жоспарлануда. 5 қарашадағы есеп бойынша 20251 адам егіліп үлгерген. Оның 10310-ы - 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ бірінші кезекте жүкті әйелдер мен медицина қызметкерлерін қамтуға күш салынуда. Санаулы екпе халықтың барлығына жетпесі анық. Сондықтан ақылы егілу де жүргізілуде. Күні бүгін бағасы екі мың теңгеге жуық сақтандыру екпесін 784 адам ақылы алған. Тұмауға қарсы дәрі бір рет егіледі, қорғаныш әсері әдетте инъекциядан кейін 14 күннен соң басталады. Иммунитеттің ұзақтығы әдетте бір жылға дейін созылады. Вакцинация алдында дәрігерлерден кеңес алу қажет. Медициналық қарсылықтар (жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар, орталық жүйке жүйесінің жіті аурулары, жіті гломерулонефрит, үдемелі созылмалы аурулары бар науқастар, тауық белогына аллергиялық реакциялары бар адамдар) болған кезде вакцинация жүргізілмейді.