Батыс Қазақстанда тұңғыш рет Ұзақ күйшіге арналған республикалық байқау мәреге жетті (ФОТО)

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Тұрар Әліпбаев бастаған қазылар алқасы төрелік еткен өнер додасына республика өңірлерінен барлығы отызға тарта домбырашы қатысып, бақ сынады. Бірінші, екінші кезеңде Қазанғап, Боғда, Құрманғазы, Махамбет, Дина, Сейтек, Дәулеткерей және Қаратау мен Арқа мектептерінің күйлерін шебер орындаған өнерпаздар ғана үшінші айналымға жолдама алды.
Шешуші кезеңге қатысқан 15 домбырашы Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен қалауы бойынша бір күй орындады.
Байқаудың бас жүлдесі табиғи таланты мен өзіндік орындаушылық шеберлігімен танылған Маңғыстау облысынан келген жас домбырашы Еркебұлан Соңғыбаевқа бұйырды. Жеңімпазды Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров марапаттап, 300 мың теңгелік сертификатты табыс етті. Сондай-ақ жүлдегерлер мен байқауға қатысушылардың бәріне ақшалай және заттай сыйлықтар берілді.
Айта кетейік, 2015 жылы аймақтық «Ұзақ күйші» қоғамдық қоры құрылып, Аққозы ауылдық округіне қарасты Ақтұлым жерінде күйшіге ақ шаңқан кесене орнатылған болатын.