17:09, 04 Наурыз 2010 | GMT +5
Батыс Қазақстанда туристер шаңғы жорығына шықты
ОРАЛ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-да Ұлы Жеңістің 65 жылдығына және балалар туризмінің 50 жылдығына орай облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұйымдастыруымен ақпанның 23-і мен наурыздың 3-і аралығында І санатты шаңғы жорығы жетекшілерін дайындау семинары өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласындағы екі күндік семинар бес күнге созылған шаңғы жорығына ұласты. Тәжірибелі шаңғышылар Александр Мамин мен Андрей Санатов бастаған туристер Подстепный-Ақсуат-Федоров-Покатилов-Ұзынкөл-Подстепный бағытында 130 шақырым қашықтықты бағындырды. Түрлі кедергілерден өтуде шаңғышылар семинарда алған теориялық білімдерін кәдеге жаратты. Олар ауыл жастары, мектеп оқушылары және соғыс ардагерлерімен кездесулер өткізіп, өлке тарихына қатысты деректерді жинастырды.
Жорық соңында қатысушыларға аталмыш орталық директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фомин І дәрежелі шаңғышы сертификатын табыс етті.