17:54, 04 Қазан 2010 | GMT +5
Батыс Қазақстанда «Жас сақшы» сайысы өткізілді
ОРАЛ. Қазанның 4-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында «Жас сақшы» үздік жасағын анықтау мақсатында облыстық байқау өткізілді.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, биыл осымен үшінші рет ұйымдастырылған сайысқа қалалық және аудандық байқауларда жеңімпаз атанған 13 команда қатысты. Департаменттің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің атап өткеніндей, 2008 жылы өңір мектептерінде жоғары сынып оқушыларынан жас сақшылар жасақтары құрылған болатын. Қазіргі таңда облыста құқық қорғау бағытында 1625 оқушының басын қосқан 203 жасақ жұмыс жасайды.
Байқау қорытындысында Орал қаласындағы №40 орта мектептің «Қыран» командасы жеңімпаз атанса, шыңғырлаулықтар - екінші, бөрліліктер үшінші орынды еншіледі. «Қыран» командасы енді «Жас сақшы» І республикалық байқауға қатысатын болады.