Батыс Қазақстанда «Жол картасына» сәйкес 5227,1 млн. теңгенің жұмыстары атқарылатын болады

ОРАЛ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл «Жол картасына» сәйкес 5227,1 млн. теңгенің жұмыстары атқарылатын болады.
None
None

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Табылғали Сапаровтың айтуынша, соның ішінде 60 инвестициялық жобаны іске асыруға мемлекет қазынасынан 4692,0 млн. теңге бөлінсе, соның 3128,0 миллионы - республикалық, 1564 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралып отыр. Сондай-ақ жастар тәжірибесі және әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасын кеңейтуге 312,0 млн. теңге, кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыруға 223,1 млн.теңге жұмсалмақ. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында 5083 жаңа жұмыс орны ашылады. 60 инвестициялық жобаның ішінен 33 нысан тек республикалық бюджеттен, қалған 27-сі жергілікті және республикалық қазына есебінен қаржыландырылады. Барлық нысандар салалық министрліктермен келісілген, қажетті техникалық құжаттамалары бар, нысандар құнының болжамды сомасы анықталды. 57 нысан бойынша конкурс жарияланды. Орал қаласында орналасқан «№1 орта мектеп» және «№1 балабақша» бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты конкурс әзірге жарияланған жоқ. Ал Сырым, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарын газбен қамту нысаны бойынша конкурс 2009 жылы аяқталмауына байланысты биыл жалғастырылады. Күні бүгін 40 конкурс өткізіліп, жұмысты атқаратын мердігерлер анықталды.

Мәжілісте Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған аса маңызды бағдарламаны жүзеге асыруда өткен жылы біраз тәжірибе жинақталғаны айтылып, кемшіліктерге жол бермеу қажеттігі атап көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар