Батыс Қазақстанда «Жол картасына» сәйкес үнемделген қаржы есебінен қосымша жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, 4193,8 млн. теңгеге 82 инвестициялық жоба (мұның жетеуі үнемделген қаржы есебінен) жүзеге асырылып жатса, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3496,8 млн., облыстан 697 млн. теңге жұмсалды. Барлығы 69 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталды. 8823 жаңа жұмыс орны (100 пайыз) ашылса, «Жол картасына» қатысқан қызметкердің орташа жалақысы 24254 теңгені құрады.
«Жол картасы» төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 1815,5 млн. теңгеге 22 инвестициялық жоба қолға алынып, 3606 жұмыс орны ашылды. Жол жөндеу жұмыстарымен 19 нысан қамтылып, 800 млн. теңге қаралды, жаңа жұмыс орны - 1702.
Әлеуметтік салада 30 нысанды жөндеуге 1343,2 млн. теңге бөлініп, 3015 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ ауылдағы 11 әлеуметтік-мәдени нысанды жөндеуге 235 млн. теңге жұмсалды.
Республикалық бюджеттен 3334 маманды қайта даярлауға 443,7 млн. теңге берілсе, соның 285-і шетелдік жұмысшы күшін ауыстыру үшін жіберілді. Сондай-ақ 2335 әлеуметтік жұмыс орнына 211,5 млн. теңге бөлінсе, қазіргі таңда 488 мекеме-ұйыммен келісім жасалып, 3622 маман жұмысқа орналасты.