Батыс Қазақстанда жол жобасы дайындалмақ

Мәжіліске ҚР көлік және коммуникациялар вице-министрі Роман Скляр бастаған бір топ лауазымды тұлға, Мәжіліс депутаты Самиғолла Оразов, облыс әкімінің орынбасары Серік Шәпкенов, Ақжайық, Жәнібек, Сырым аудандарының әкімдері қатысты. Отырыста талқыланған мәселе біреу, ол - халықаралық маңызы бар «Жымпиты-Чапаев-Жәнібек-Волгоград» күре жолын салу мүмкіндігін қарастыру. Ұзындығы шамамен 500 шақырымға созылатын бұл жол салына қалса, Жымпиты арқылы Чапаевқа тіке түсуге болады. Осы жол арқылы халық жиі көтеріп жүрген Жайық өзені үстінен көпір салынады. «Күрежол облыс үшін тиімді, Жайық үстінен салынатын көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) де дайын болып қалды. Жол салынса, Ресейдің оңтүстігіне, Украинаға, әрі қарай Қап тауы елдеріне шыға аламыз», - деді Ғұмар Исламұлы.
Роман Скляр өз кезегінде отырыста күре жолдың техникалық-экономикалық негіздемесін жасау туралы комиссия шешімін хаттап, Үкіметке тапсыру қажеттігін алға тартты. «Оны жасаған кезде жолдың экономикалық тиімділігін, өзін-өзі ақтау мерзімін, көлік қозғалысының мөлшерін мұқият ескеру қажет», - деді вице-министр.