Батыс Қазақстанда жол жөндеу жұмыстарына биыл 2922,2 млн. теңге бөлінді

ОРАЛ. 19 қараша. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл жол жөндеу жұмыстарына 2922,2 млн. теңге бөлінді.
None
None

БҚО жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы бастығының орынбасары Марат Қадисовтің айтуынша, соның ішінде 1442,04 млн. теңге республикалық бюджеттен, 1480,17 млн. теңге облыстық қазынадан қарастырылды.

Жалпы, өңірде облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың ұзындығы 5243 шақырымды құрайды. Оның тек мың шақырымына ғана қара жамылғы (асфальт) төселген. 2409 шақырымнан астам жол қиыршықтасты, 1827 шақырым - топырақты жолдар. Облыстағы 450 елді мекенге жеткізетін жолдардың 62-сіне қара жамылғы төселген. Қазір облыстағы 6 аудан - Жаңақала, Қазталов, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөкей ордасы және Жәнібектен облыс орталығына дейінгі жолдарға қара жамылғы төселуде.

Соңғы жылдары Аңқаты-Сарыөмір ауылына 37 шақырым жол, Тайпақ ауылына кіреберіс жолы салынып, қара жамылғы төселді. Сонымен қатар Шыңғырлау, Жалпақтал және Чапаев-Жаңақала автокөлік жолдарына жөндеу жүргізіліп, бірнеше көпір салынды.

М.Қадисовтің ойынша, жұмысты дер кезінде атқару және сапасын көтеру үшін жол жөндеу және ұстауға тендерді үш жыл мерзімге өткізу керек. Бұл мердігер ұйыммен арнаулы техника, материалдар, жабдықтар жеткізуге және материалдық-техникалық база жасақтауға немесе қызмет көрсететін бірыңғай коммуналдық кәсіпорын құруға ұзақ мерзімге келісімшарт жасауға мүмкіндік береді. «Республикада мұндай тәжірибе бар. 2013 жылдан бастап осыған кірісеміз. Өйткені биыл заңға өзгерістер енгізілді», деді ол.

Соңғы жылдары қала көшелері жолдары едәуір жақсарып қалды. Тек биылдың өзінде С.Датов, М.Шолохов, Самал, Тәуелсіздік, Петровский, Гагарин, тағы басқа көше жолдары жаңғыртылды. Қазір орталық көшелердің жолы толықтай жөндеуден өтті. Енді шеткері көшелерге жол салу көзделуде. Зашаған кентіндегі «Арман», «Сарытау» ауылдарына жаңадан кірме жолдар салынды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасуда.

2013 жылға Көлік және коммуникация министрлігі облыстағы жол жөндеу жұмыстарына 3 719,08 млн. теңге бөлуді қарастырып отыр. Әзірге 1 420,0 млн. теңгесі ғана бөлінді. Бірақ бұл қатып қалған цифр емес, бюджетті нақтылау барысында ол ұлғаюы немесе азаюы мүмкін.

Облыс басшылығы бұл мәселені жоғары органдар алдына жыл сайын қойып келеді. Бұл проблеманы шешу үшін, мамандардың пікірінше, жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін мақсатты трансферттер көлемін 7-8 млрд. теңгеге жеткізу қажет.

Өңірде халықаралық маңызы бар «Жымпиты-Чапаев-Жәнібек-Волгоград» автокөлік жолын және Чапаев ауылы тұсынан Жайық өзені арқылы өтетін көпір салу да ойластырылуда.

Соңғы жаңалықтар