Батыс Қазақстанда Жұбан тойы жалғасуда

ОРАЛ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ақын Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдығына арналған мерекелік шаралар жалғасуда.
None
None

Қыркүйектің 29-ында Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылындағы Ж.Молдағалиев атындағы мектепте, ауыл клубында басталған той кеше аудан орталығы Чапаевта жалғасты. Мұнда мерекелік шаралар дала қызықтарына ұласты. Осында жиналған қалың қауым алдында аудан әкімі Абай Иманғалиев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен, Жұбанның жары Софья Молдағалиева сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді

Бәйгеге әрісі Маңғыстау, Атырау облыстары, берісі көршілес Жаңақала, Тасқала аудандарынан, Орал қаласынан келген үміткерлер жұртшылықтың делебесін қоздырды. 18 шақырым қашықтықтан алғашқы айналымнан-ақ алдына қара салмаған оралдық Бекем Кенжалиевтың «Акронэль» атты сәйгүлігі топ жарды (шабандоз А.Бошатай). 25 шақырымға, яғни, аламан бәйгеге сайланған аттардың шабысы да бойдағы қанды тулатып, ерекше әсерге бөледі. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан келген Қоблан Таңатаровтың «Сұңқар» атты сәйгүлігі бұл жолы бәйгенің алдын бермеді. «Сұңқардың» жетістігі тек бұл емес. Маңғыстауда өткен Бекет атаның 260 жылдығына арналған аламан бәйгеге шашасына шаң жұқтырмай, бәрінен озық келген-ді. Шабандоз Қ.Қолданның тақымының мықтылығы, әуел бастан атқа құмарлығын айта кету керек.

Қос атбегі, қос жеңімпаз Б.Кенжалиев пен Қ.Таңатаровқа облыс әкімдігі тағайындаған «ВАЗ 2107» автокөлігінің кілттерін облыс әкімінің орынбасары С.Сүлеймен салтанатты түрде табыс етті.

Дала қызықтары балуандар белдесуіне ұласты. Қазақ күресі 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі белдесумен қызды. Аудан балуаны М.Базаров қарсыластарын алып та, шалып та жығып, жеңімпаз атанды. «Түйе балуан» сынында оралдық Еділ Үсеновтың мерейі үстем болды. Боз кілемде белдескен балуандарға да бағалы сыйлықтар табысталды. Бұдан өзге қыз қуу, аударыспақ, теңге алу секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

Кеште Чапаевтың орталық алаңында облыс белгілі әншілерінің, аудан көркемөнерпаздарының үлкен концерті қойылып, отшашуға ұласты.

Қазанның 1-інде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында «Ақын мәртебесі - ел мерейі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Жұбан тойы бүгін «Жыр қыраны» атты поэзиялық кешпен қорытындыланады.

Соңғы жаңалықтар