Батыс Қазақстанға еліміздің солтүстік өңірінен астық жеткізілуде

ОРАЛ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл қуаңшылықтың салдарынан егін шықпай қалғаны белгілі. Бұл мәселе ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің БҚО-ға шілде айындағы сапары кезінде жан-жақты талқыланып, еліміздің солтүстік өңірінен 150 мың тонна астық жеткізу жөнінде шешім қабылданған еді.
None
None

Қазір облысқа осы астық жеткізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ облыстық өкілдігінің мәліметі бойынша қыркүйектің 8-інде Қостанай облысынан 26615 тонна астық жеткізілген. Мұның 13 мың тоннадан астамы Переметный элеваторына түсірілсе, Жайық астық қабылдау кәсіпорнына 10 мың тоннасы қабылданған. Қалған үш мың тоннасы Желаев астық өнімдері комбинатына берілді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген астықты қоса есептегенде барлығы 35913 тоннаға жетті. Өңірдегі барлық астық көлемі 188288 тоннаны құрайды. Облыстағы азық-түлік сақтандыру қорында 83 мың тоннадан астам ақ бидай бар.

Астық тасымалы жалғасуда. Қостанайдан тағы 7 мың тоннадан астам астық келетін болса, Солтүстік Қазақстаннан жеткізілетін 12 мың тонна өнім Шыңғырлау астық қабылдау кәсіпорнына түсірілмек. Өткен жылғы қор мен осы жеткізілген астық қоры келесі жылдың аяғына дейінгі сұранысты толық өтей алады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен жасалған келісім бойынша жинақталған қордан ай сайын астық өнімдері белгілі бір мөлшерде бөлініп, жіберіліп тұрады. Бұл шара келесі өнім жиналғанша бұлжытпай жүргізіледі. Соның нәтижесінде облыста астық пен нан өнімдері бағасы тұрақты деңгейде болмақ.

Соңғы жаңалықтар