Батыс Қазақстанның Хан ордасында соғыста қаза тапқандарға ескерткіш орнатылмақ

ОРАЛ. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан сарбаздарға ескерткіш орнатылмақ. Бұл туралы ауылдық округ әкімі Рүстем Зұлқашев мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Орда ауданынан ( ол кезде қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданы құрамындағы Балқұдық, Сүйіндік ауылдары да Ордаға қарады ) майданға 4613 адам аттанса, соның төрттен үші, яғни 3660-ы кейін оралмады. Ескерткіште солардың бәрінің есімдері ойылып жазылмақ. Құлпытас Азамат соғысында қаза тапқан сексен ерге қойылған ескерткіштің алдынан орын теппек. Сондай-ақ Хан ордасында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мүсіні де бар. Жалпы, ауданнан Мәншүктен басқа Кеңес Одағының Батырлары Темір Масин, Ахмедияр Құсайынов, алғашқы қазақ кеңес генералы Шәкір Жексенбаев, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова шықты.

Сталинград майданына тиіп тұрғандықтан, Орда, Жәнібек аудандарында соғыс жағдайы жарияланғаны белгілі. Сайқын, Шоңай, Жәнібек стансалары жиі-жиі бомбалауға ұшырады. Жау оғынан бейбіт тұрғындар, эшелонға тиелген жаралы жауынгерлер, тіпті әскерге жаңа алынған ауыл жігіттері де жараланып, қаза тауып жатты. Бірақ сонда да елдің сағы сынған жоқ.

Қазіргі кезде іргесін 1826 жылы Жәңгір хан қалаған Хан ордасында көзі тірі бір ғана ардагер - Нәсіпқали Жұмағалиев қалды.

Хан ордасында жаңа ескерткіш ашылғаннан кейін Жеңіс күніне арналған ат бәйгесі, қазақ күресі сынды ұлттық ойындарға да кезек тимек.

Соңғы жаңалықтар