Батысқазақстандық әнші-композиторлар қайырымдылық концертін қойды

Қазақстан композиторлар одағы БҚО филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Донеділ Қажымов концерттен түскен қаражаттың тасқын судан зардап шеккендер қорына аударылатынын жеткізді.
Қайырымдылық концертіне халық көп жиналды. Белгілі әнші-композиторлар, Алматыдан арнайы келген ерлі-зайыпты Донеділ Қажымов пен Гүлнәр Дәукенова және Жаскелең Ғайсағалиевтың, Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы шығармалар көпшілікке әдемі әсер сыйлады.
«Орал - әнім сенсің шалқыған» атты әннің шығу тарихы да айтылды. Өткен жылдың күзінде Оралда қала туралы ән байқауы өтіп жатқанын Алатаудың баурайында жүріп естіген Донеділ туған елге бүйрегі бұрып, абыз ақын Қадыр Мырза Әліге барып, «Орал туралы әнге сөз жазып беріңіз» - деп қолқа салады. Жерлес інісінің сөзін жерге тастамаған ақын әннің сөзін жазып береді. «Бұл марқұм Қадыр ағамыздың әнге жазған соңғы өлеңі болып қалды», - дейді композитор. Белгілі әншілер Еркін Өтегенов пен Күләш Қуанышқалиеваның орындауындағы аталмыш ән ерекше әсер қалдырды.