Батысқазақстандық әнші республикалық байқаудың бас жүлдегері атанды

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырған өнер додасына республиканың түкпір-түкпірінен сан ғасырлық тарихы бар бес бірдей ән мектебінің өкілдері қатысып, бақ сынады. Шұғылалы Шығыстан, жер жаннаты Жетісудан, салтанаты асқан Сарыарқадан, маңғаз Маңғыстаудан, алмас рухты Батыстан, шуақты Оңтүстіктен келген өнерпаздар екі күн бойы ән сайысын қыздырды.
Құрманғазы мәдениет сарайында байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталып, лауреаттардың қатысуымен гала-концерт қойылды. Дастан Есентеміровке бас жүлдеге қоса 1 млн. теңге көлемінде сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ атыраулық Жанғожа Аяпов бірінші орынды (750 мың теңге) иеленді. Басқа жүлдегерлер мен ерекше өнер көрсеткен қатысушыларға да ақшалай сыйлықтар берілді.
Айта кетейік, Дастан Есентеміров М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да ұстаздық етумен бірге Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі ретінде кеңінен танымал. Ол бұдан бұрын да бірнеше мәрте республикалық әншілер байқауларының лауреаты атанған болатын. Ал өткен жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.