15:59, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Батысқазақстандық балуан халықаралық турнирден күміс жүлдемен оралды
ОРАЛ. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батысқазақстандық балуан Артур Үмбетқалиев Түркияның Анталия қаласында жастар арасында грек-рим күресінен өткізілген халықаралық турнирден күміс жүлдемен оралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
FILA дүниежүзілік күрес федерациясы ұйымдастырған аталмыш жарысқа Түркия, Иран, ТМД және Еуропа елдерінің балуандары қатысты. Оралдағы олимпиада резервтерін даярлау орталығының шәкірті, грек-рим күресінен жастар арасында 50 килә салмақ дәрежесіндегі ел чемпионы Артур Үмбетқалиев финалға дейін Түркия, Әзірбайжан, Грузия елдерінің балуандарын тізе бүктірді. Тек соңғы айқаста тағы бір қазақстандық, жастар арасында 55 килә салмақта биыл ел чемпионы атанған оңтүстікқазақстандық Айсұлтан Байзақовқа 2:3 есебімен есе жіберді.
Енді Артур шілде айының басында Манила (Филиппин) қаласында өтетін Азия біріншілігіне қатысады.