Батысқазақстандық ғалым Еуропаның алтын медалін иеленді
Еуропа елдерінде беделді саналатын алтын медальмен Зейнолла Мүтиевті Ресей және ЕуроОдақ Президенттері бірлесіп қол қойған бағдарлама бойынша Ресей және ТМД елдері аумағында жұмыс істейтін Еуропа ғылыми-өнеркәсіп палатасы марапаттап отыр. Марапатталған профессорлар арасында Л.Рошаль, Л.Бокерия және К.Шахназаров сияқты ғылым, білім және мәдениет қайраткерлері бар.
Ғылым мен өнердегі жетістіктері үшін берілетін бұл жоғары атаққа Зейнолла Мүтиев Ресей журналдарында шыққан 10 ғылыми мақаласы үшін жетіп отыр.
З.Мүтиевтің 300-дей ғылыми жұмысы, 10 монографиясы бар. Түркия елінде жарияланған 4 ғылыми жұмысы да жоғары бағаланған. Ғалым ҚР Білім және ғылым министрлігі белгілеген «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауында 2012 жылдың қорытындысы бойынша грант иегері (3,5 млн. теңге) атанған болатын.