Батысқазақстандық кәсіпорын итальяндық жабдық негізінде жоғары сапалы өнім өндіріп келеді

ОРАЛ. 2 шілде. ҚазАқпарат - Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ 2012 жылы №2 макарон фабрикасын ашып, өндіріс көлемін кеңейткен болатын.
None
None

Кәсіпорынның өндіріс жөніндегі директоры Мұрат Жаңатауовтың айтуынша, осы мақсатқа 2,5 миллионнан астам АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның пайыздық мөлшерлемесінің жүгін жеңілдетуге мемлекет қолдау көрсетті. №2 макарон цехы түгелдей итальян­дық құрал-жабдықтармен жасақталған. Мұнда алғашқы күннен бастап, етке салатын жайма мен спагетти (макарон өнімінің жіңішке, ұзынша түрі), кеспенің орама түрі және фетучинни, букатини, лингвини, тальятелли, ричи деп аталатын астықтың қатты сортынан жасалған түрлі макарон өнімдері шығарылуда. «Корона» және «Pasta Di Felice» таңбалы өнімдер бүгінгі таңда облыс көлеміндегі барлық сауда нүктелерінде сатылуда. Қазіргі таңда фабрикада екі құрылғы қатар жұмыс істеп тұр. Оның бірі жайма, екіншісі ұзын спагетти өнімдерін дайындауға арналған. Әзірге сағатына 150 келі жайма, 500 келі ұзын макарон өнімдері шығарылуда. Фабрика толық қуатына көшкенде өнім түрі көбейіп, бұдан да молырақ дайындалатын болады.

Итальяндық "Italpast" фирмасынан шыққан құрылғы қазақтың жаймасын дайындауға бейімделген. Бұл құрылғы алдымен ұн мен суды араластырып, қамыр дайындайды. Содан кейін қамыр арнайы форматтар арқылы әр түрлі қалыңдықтағы жаймаға айналады. Ең соңында 0,06 мм-лік жұқа қабатты жаймалар дайын болады және олар құрылғының көмегімен белгіленген өлшемде кесіледі. Макарон өнімдерінің өзге түрлерінің де жасалу жолы шамамен осыған ұқсас. Сөйтіп, дайын болған өнімдер арнайы арбалармен кептіру орнына жеткізіледі. Әбден кептірілген астық өнімдері өлшеніп, итальяндық «Сompagnolo» және Ресейдің «Сигнал-Пак» фирмасынан шыққан құрылғыларда арнайы қағаздарға оралып қапталады. Бұдан соң дайын өнімдер кәсіпорын қой­маларында сақталып, одан әрі тапсырыс бойынша сауда нүктелеріне жөнел­тіледі.

Заманауи құрал-жабдықтар өндіріс орнына макарон өнімдерін әлемдік стандартқа сай жаңа технология бойынша өндіруге мүмкіндік беруде. «Мұндай сапалы өнімдерді өндіруде еліміздің солтүстік өңірлерінде өндірілген бидайдың қатты түрінен дайындалған макарон жармасы мен «желаевтық» жоғары сұрыпты ұн қолданылады. Макарон цехы өндіретін Раstа Di Felice - элиталық өнім. Оған қатты бидайдың аса сапалы ұны пайдаланады. Дәл қазіргі уақытта фабрика айына 300 тонна макарон өнімдерін өндірсе, соның 70-90 пайызы жаймаға тиесілі. Сапалы макарон өнімдері кәсіп­орынға соңғы кездері «Кублей» секілді экспортқа ет қалбырларын шығаратын ірі серіктестікпен бірігіп жұмыс істеуге мүмкіндік берді. «Кублей» ЖШС-ның ет­­ке макарон өнімдерін қосқан қал­быр­лары бүгінде елімізді былай қойған­да, шетелдерге жөнелтіле бастады. Ал кә­сіпорынның қазақстандық үлесіне кел­сек, тендерге қатыспайтын болған­дықтан, біз өнімдерімізді шетелдерге тікелей шығара алмаймыз. Бірақ біздің фаб­риканың өнімдері Ақсай, Ақтау, Атырау қалаларындағы шетелдік компаниялар мен Карашығанақ кен орнында­ғы әріптестеріміз арқылы шетелдерге шығуда. Бүгінде өнімдеріміз Ау­ғанс­тан, Гүржістан, Армения және Ресей елдеріне тарайды. Алдағы уақытта бұл тізімге Қырғыз елі де қосылады деп күтілуде. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыстанудамыз. Ал өз елімізде біздің өнімдерімізді Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Қостанай облыстары­ның тұрғындары тұтынады», деді М.Жаңатауов.

Аталмыш кәсіпорынға өнімдерінің қауіп­сіздігі мен сапасына кепілдік беретін ИСО 22000:2005 азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік менеджменті жүйесі мен ИСО 90001: 2000 сапа менеджменті жүйесі
енгізілген.

«Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ-ның өнімдері республикалық бай­қау­ларға қатысып, жыл сайын жүлделі орындарды иеленіп жүр. Былтыр аталмыш кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінде «Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум