Батысқазақстандық өнер шеберлері Қазан қаласында концерт қойды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің ұжымы мен танымал өнер майталмандары ұлы татар композиторы, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Назиб Жигановтың 105 жылдығы мен Н.Жиганов атындағы мемориалдық музейдің 25 жылдығына орай Қазан қаласында гастрольдік сапармен болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Музей кеңістігіндегі музыка» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға БҚО тарихи-өлкетану мұражайы мен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана өкілдері қатысса, оркестр (бас дирижеры, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, республикалық дирижерлар байқауларының лауреаты, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетов және дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов) С.Сайдашева атындағы Үлкен концерттік залда өз өнерлерін көрсетті. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанатқали Қожақов пен Жұмағаным Рахимова, Татарстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Эльмира Әмірова, республикалық байқаулардың лауреаты Айбар Қайырханов сынды әншілер сахнаға шықты.

null  

Концертті Қазан қаласының зиялы қауым өкілдерімен бірге Татарстан Республикасының мәдениет министрі Айрат Сибагатуллин, Қазақстанның Татарстандағы бас консулы Асхат Нұсқабаев тамашалап, ризашылықтарын білдірді. Батысқазақстандықтарды бастап барған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Қауланова екі ел арасындағы мұндай байланыстың алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.

«Назиб Жиганов атындағы мемориалдық музейінің 25 жылдығына батысқазақстандықтардың шақырылуы тегін емес. Өйткені классикалық туындылар жазып, сонымен қатар Татарстан және КСРО Композиторлар одағын, Қазан консерваториясын басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Назиб Жигановтың балалық шағы осы Оралда өтті. Сондықтан аталмыш мерейтойға облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауымен Ақ Жайықтан 45 адам арнайы барып, туысқан халықтың қуанышына ортақтасты. Концертте Назиб Жигановтың шығармалары, татар халқының ән-билері де орындалды», деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

null  

Соңғы жаңалықтар