Батысқазақстандық сақшылар мүгедек спортшыға қолұшын созды (ФОТО)
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, басқарма бастығы, полиция полковнигі Жанболат Мұсадиев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы, доғарыстағы милиция полковнигі Жайлыбай Адаев мүгедек спортшы Азон Шаймардановқа арнайы барып, құрмет көрсетіп, қол сағатын тарту етті.
Азон Шаймарданов ішкі істер органының қызметкері ретінде 1992 жылы қызмет бабымен жүріп, жол апатына ұшырайды. Соның салдарынан аяғы кесіледі. Бұған мойымаған ол спортпен шұғылдануды жалғастырып, көптеген атаққа қол жеткізді. Пауэрлифтинг пен жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, отырып ойнаудан спорт шебері әрі тоғыз мәрте ел чемпионы, штанганы жатып көтеруден Бусанда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Институтқа түсіп, педагог-психолог мамандығын меңгерді, кәсіпкерлікпен айналысты. Оның төрт ұлы да әке жолымен жүріп, спортқа бет бұрды.
«Аяқ астынан мүгедек болып қалғанмен, бәрі адамның өзіне байланысты екен. Мүмкіндігі шектеулі жандар да өзі қалаған іспен, спортпен айналысып, қоғамға пайдалы бола алады», деді Азон Нұрмұқанұлы.