Батысқазақстандық студенттер еңбек семестріне белсене қатысты
Батыс Қазақстанда еңбек етуге тілек білдірген студенттер саны жыл сайын артып келеді. Бұл ретте «Жол картасы» бағдарламасы ерекше рөл атқаруда. Студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары облыстық штабы бастығының орынбасары Дархан Қадыралиевтің айтуынша, биыл штабқа жеті мыңнан астам өтініш түскен. Мұнда, әсіресе, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті студенттері айрықша белсенділік танытты. «Жасыл ел» өз алдына, екі жүзден астам студент құрылыс жұмыстарына тартылды. Олар Тасқала ауданы орталығында «Марасант» ЖШС салып жатқан мектеп-интернат, Орал қаласындағы 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасы (мердігер - «Алтим» ЖШС) құрылысында, психитариялық аурухананың корпусын күрделі жөндеуде («Әлім» ЖШС) және басқа нысандарда еңбек етті.
Еңбек семестрінің қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, марапатталатын болады.