Батысқазақстандық судьялар мантияларын ұлттық киімге ауыстырды

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қазақтың және басқа ұлт пен ұлыстың киімін киіп, қызылды-жасылды жасанған барша сот қызметкерлері мейрамды облыстық сот ғимаратының дәлізінде жасақталған Қазақстан халықтарының ұлттық салт-дәстүрлері мен қолөнер бұйымдарының және ас мәзірлерінің көрмесін тамашалаудан бастады.
Мерекелік шаралар соттың акт залында Наурыз мерекесіне арналған салтанатты жиналысқа ұласты. Онда облыстық сот төрағасы Бек Әметов сот қызметкерлерінің рухын көтеріп, ерекше көңіл-күймен басталған Наурыз мерекесінен жақсы әсер алғанын жеткізді. Ұлыстың ұлы күні елімізде түрлі ұлттардың салт-дәстүрлерімен жарасым тауып, жылдан-жылға түрлене, байи түскенін атап көрсетті. «Бүгін мен сала қызметкерлерінің бойларынан айрықша серпіліс, күш-жігер мен құлшыныс, әсіресе, жастардың көздерінен от көрдім. Мерекелік шаралар жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жыл басы - Наурыз мерекесі баршаңызға жақсылық, отбастарыңызға амандық, құт-береке әкелсін!», деді Б.Әметов.
«Жаңарудың, ынтымақтастық пен бірліктің мерекесі көпэтносты және көпконфессиялы қазақстандықтар үшін ерекше. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде. Ұлттық құндылықтарымыз бағаланып, егемендігіміздің еңсесін көтерген, халықтың тұтастығы мен достығына ұйытқы болған ұлық мереке - Наурыз мейрамы құтты болсын!», деді Қазақстан Республикасы Судьялар одағы облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, облыстық сот судьясы Ниязбек Ділдәбеков.
Мерекелік шаралар сот қызметкерлерінің концертімен қорытындыланды. Концертте қазақ, орыс, украин, өзбек, шешен-ингуш және басқа ұлттар мен ұлыстардың әндері шырқалып, билері биленді.