Батысқазақстандық университетте дін туралы заң түсіндірілді
Бұған дейін оқу корпустары мен жатақханаларда бірнеше рет дәстүрлі дін өкілдерімен, облыстық діни жұмыстар бойынша департаменттің, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырған үгіт-насихат тобы университеттің барлық бес факультетінің студенттерімен, профессорлық-оқытушылар құрамымен және қызметкерлермен жүздесіп, жуырда ғана қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының ерекшеліктері жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізді.
«Қазақстан тарихы және философия» кафедрасының меңгерушісі Венера Есенғалиева бастаған және факультет декандары мен жастар ісі жөніндегі комитет мүшелері қостаған үгіт-насихат тобы «Заң қабылданды» деп қол қусырып қарап отыруға болмайтынын, керісінше, аталмыш құжаттың мән-маңызын көпшілікке кеңінен түсіндіру қажеттігін баса айтты.
Сөз алғандар тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда үш жүзге жуық діни бірлестік болса, бүгінгі күні олардың саны төрт мыңнан асқанына, солардың кейбірі қолданыстағы заңның әлсіз тұсын пайдаланып, елдің ішінде іріткі салуға әрекет ете бастағанына тоқтала кетті. «Әсіресе, тіркелу мәселесінің барынша солқылдақтығы, сырттан келетін миссионерлерге шектеулердің болмауы, олардың таратып жатқан діни әдебиеттерінің мазмұнына ешкімнің назар аудармауы, міне, осының бәрі діни бағыттағы ахуалдың барынша күрделенуіне жол берді», - дей келе, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң, ең алдымен, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі діни бірлестіктердің жұмысын тексеріп, реттемек. Екінші кезекте, дәстүрлі діндерімізге қолдау көрсетіп, секталардың қызметіне тойтарыс беріп, халықты теріс діни ағымдардан қорғамақ, - деп ой түйді.
«Қазақстан тарихы және философия» кафедрасының оқытушылары мемлекеттік мекемелерде, білім орындарында, әскери орындар мен түрмелерде құлшылық орындарына тыйым салу, діни әдебиеттерді сараптамадан өткізу секілді бақылау тетіктерінің көбейгендігін айтып, заңның әр бабына жеке-жеке тоқталып өтті.
Аталмыш заңның біздің қоғам үшін маңызы орасан зор екендігіне басымдық берген үгіт-насихат тобының мүшелері студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына да жауап берді.