20:36, 22 Қазан 2012 | GMT +5
Батысқазақстандық университетте Елбасы мақаласына арналған конференция өткізілді
ОРАЛ. 22 қазан. ҚазАқпарат - Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуының негізгі жолдары - әлеуметтік дамудың басты кепілі» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға аталмыш оқу орнының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Әбілсейіт Мұқтар, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Шынболат Теміржанов қатысты. БҚМУ-дың профессор-оқытушылары Жалпыға ортақ еңбек қоғамы, білім беруді жаңғырту, экономика және саяси қатынастардың дамуы, еңбек нарығы, ел дамуындағы жастардың рөлі мәселелерін баяндамаларында көтеріп, жиылған көптің талқысына салды. «Әлеуметтік жаңғырту туралы анық түсінік болу қажет. Мұны тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, әлеуметтік жаңғыртулар бағытталып отырған барша халық, қоғам түсінуге тиіс», десті жиынға қатысушылар. Конференция қорытындысында қарастырылған мәселелер бойынша ғылыми-теориялық, әдістемелік және қолданбалы ұсыныстар бекітілді.