Батысқазақстандық университетте германиялық хирургке құрметті доктор атағы берілді
Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменов, университет ректоры Асхат Иманғалиев қатысты.
Штутгарт қаласындағы Olga-Hospital клиникасында жұмыс жасаған 20 жыл ішінде Хенинг Хойман ортаңғы құлақ, құлақ қасындағы сілекей бездеріне, көмейге және кеңсірікті түзетуге барлығы 6 мыңға жуық ота жасаған екен.
Кездесу барысында Х.Хойманға сұрақтар қойылып, есту мүшесінің зақымдалуы, оның алдын алу жолдарының мәселелері қызу талқыға түсті. Профессор қазіргі таңдағы отоларингология мүмкіндіктері туралы баяндап, өз тәжірибесінен өзекті және қызықты жағдайлар жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы және М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті арасында заманауи талаптарға сәйкес профессорлық-оқытушылық құрамға, қызметкерлер және студенттерге сапалы медициналық қызмет көрсету жөнінде екіжақты меморандумға қол қойылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, Х.Хойман облыс тұрғындарына құлақ микрохирургиясы бойынша 40 ота жасамақшы. Мұндай операциядан кейін есту қабілеті толық қалпына келеді.