Батысқазақстандық университетте Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 25 қараша күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды.
None
None

Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасы тапсырмасымен ашылған мұндай кафедраның өңірде ұлтаралық және дінаралық келісімді орнықтыруда маңызы зор екендігін атап көрсетті. Бұл кафедрада студенттер елімізде тұратын сан ұлт өкілдерінің салт-дәстүрімен, тілімен, дінімен тереңірек таныса алады.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев жаңа кафедрада Қазақстан халқы БҚО ассамблеясымен бірлескен жұмыстар атқарылатынын, онда ғылыми сарапшылармен қатар әлеуметтанушы, саясаттанушы ғалымдарға, студенттерге ізденіп, ғылыми-әдістемелік еңбектер жазуы үшін жағдай жасалып отырғанын жеткізді.

Аталмыш кафедраға белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Владимир Салов жетекшілік етеді.

Шараға сондай-ақ Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулі Саид Забитов, Орынбор мемлекеттік университеті жанындағы Оңтүстік Урал тарихы мен этнографиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Веналий Амелин бастаған бір топ ғалымдар қатысты.

Бұдан кейін Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы мен М.Өтемісов атындағы БҚМУ, БҚО ассамблеясы мен Орынбор халықтары ассамблеясы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ тарих, экономика және құқық факультеті мен Орынбор мемлекеттік университеті жанындағы Оңтүстік Урал тарихы мен этнографиясы ғылыми-зерттеу институты арасында меморандумға қол қойылды.

«Еуразиялық кеңістіктегі іргелес Ресей мен Қазақстан мемлекеттерінің халықтары: өзара келісім мен ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конферецияда облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың кіріспе сөзінен кейін орынборлық және батысқазақстандық ғалымдар баяндама жасап, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының өкілдері де өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Олар көршілес екі ел халықтарының тарихы тамырлас, тағдыры ортақ екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар