Батысқазақстандықтар 1 мамыр мерекесін сән-салтанатпен, көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті

ОРАЛ. 1 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласындағы орталық Абай алаңында 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні сән-салтанатымен аталып өтті.
None
None

Мерекеге жиналған жұртшылықты Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Қазақстан халқының бірлігі мерекесі достық пен татулықтың, бейбітшілік пен мызғымас тұрақтылықтың айқын көрінісі іспеттес. Елімізде жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы құрамында этномәдени бірлестіктердің өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрін дамытып, одан әрі жетілдіруіне барлық жағдай жасалған. Батыс Қазақстан облысында осындай 31 бірлестік өз қызметін атқаруда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХ сессиясында «Бір ел - бір халық - бір тағдыр» ұғымының терең мәнін ашып көрсетіп, алдымызға үлкен міндеттер қойды. «Қазақстан - 2050» стратегиясын жүзеге асыру жолында ынтымақ-бірлікте алға баса берейік», деді әкім.

Бұдан кейін Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы сапында этномәдени бірлестіктер өкілдері, Оралдағы беделді жоғары оқу орындары, департаменттер мен басқармалар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар мүшелері, ірі кәсіпорын-мекемелер мерекелік шерумен алаңнан жүріп өтті.

Мейрам ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен концерттік бағдарламамен көркемделді.

Соңғы жаңалықтар