Батысқазақстандықтар коммуналдық қызметтер үшін 197 млн. теңге қарыз
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, оның көпшілігі - жылу үшін борышкерлер. Қазіргі уақытта қарыздарды қайтару жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жедел топтар тұрғындардың үйлерін аралауда. Мекеме-ұйымдардың атына қарыздары бар қызметкерлердің тізімдері жіберілуде және қасақана төлемеушілердің атына сот орындарына шағым түсірілуде. Бүгінде сот орындары 130 млн. теңгені өндіру жөнінде шешім шығарды. Сот орындаушылары осы істер бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп қызмет атқаруда. Әлеуметтік жағдайы төмен тұтынушыларға тұрғын үй жәрдемақысы төленіп, көмектер көрсетілуде.
«Мұнай және газ министрлігі атап өткендей, газға бережақ 1 млрд. теңгенің шамасында. Бұл мәселе өткенде Үкіметтің отырысында айтылды. Жақында облыстық бюджетті нақтылау жұмыстары барысында бұл қарызды жабамыз. Үкімет жиналысында айтылған жыл аяғына дейін ешқандай коммуналдық қарыздар болмауы тиістігі туралы мәселе тұрғындар арасында бұрыс түсінік қалыптастырып, кейбіреулер «Үкімет тапсырма берді, бүгінгі күнгі қарыздың барлығын жауып тастау керек» деп айтып жүр. Жергілікті жерде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мұның бұлай жабылмайтыны айтылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», -деді әкім.