Батысқазақстандықтарға Жеңіс хабарын жеткізгеніме бақыттымын - еңбек ардагері М.Жолдықайырова

nbsp;ОРАЛ. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысы тұрғындарына бұдан алпыс бес жыл бұрын, мамырдың 9-ында радио арқылы Жеңіс хабарын жеткізген диктор Меруерт Жолдықайырова Орал қаласында тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

- Сол кезде қазіргі Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония орналасқан Карев үйі екінші қабатының құбылаға қараған кең бөлмесінде отызға жуық қыз жататын. Таңғы бестерде есікті тарсылдатып қаққан дауыстан бәрі өре түрегелді. Сұрапыл соғыс уақытында еңбектеген сәби балаға дейін елгезек, сергек еді. Есік қаққан сол кездегі педагогикалық институттың директоры Константин Васильев екен. Бірден мені сұрады. Әке-шешем Ресей топырағында қалған, жалғыз апам бар еді. Соған әлдене болып қалған екен деп қорықтым. Сөйтсем, облрадиокомитетке жедел шақыртып жатыр екен, жүгіріп жеттім, - деп еске алады бүгінде еңбек ардагері - Бұл осыдан 65 жыл бұрынғы 1945 жылғы мамырдың 9-ы еді. Алдымызда әзірлеп қойған қағаз жатыр екен. Жүрегіміз лүпілдеп, даусымыз дірілдеп, алдымыздағы қағазды оқи бастадық.

- Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар, Оралдан сөйлеп тұрмыз. Қымбатты батысқазақстандық жерлестер! Бүгін фашистік Германия тізе бүгіп, Ұлы Жеңіс күні туды! Қуаныңыздар! Шаттаныңыздар! - деп қуанышты дауыспен Жеңісті хабарладық. Содан орыс тілді жүргізушімен құшақтасып, бір-бірімізді құттықтап, ұзақ тұрдық. Сыртқа шықтық. Қазіргі Абай алаңының бойы толған адам. Кемпір-шал, жас-кәрі, бала-шаға бір-бірін құшақтап, жылап мәре-сәре. Халықтың сол күнгі қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Ол кездегі адамдардың пейілі, ниеті бөлек еді. Жарты құртты жарып жеп, бір тілім нанды жемей, бірнеше адам бір кісіні күтіп отыратын еді.

Меруерт Жолдықайырованың жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Аш құрсақ жүрсе де, алдына қойған мақсаты айқын еді. 1942 жылы Жымпиты орта мектебін аяқтап, Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, аз-мұз тары, май, киім-кешегін алып, Оралға жетеді.

Қаланың ол кездегі көрінісі де мүлдем өзгеше, жүдеу еді. Қазіргі №38 орта мектеп, сол жылдардағы әскери училище, К.Ворошилов атындағы авиация мектебінде өңшең өзге ұлттың балалары оқиды. Ауылдан келген қыздарға бастарына қоқырайтып киген бас киімі бар әскери адамдар қорқынышты әсер қалдыратын. Солардан қорыққандықтан шығар, бүгінгідей жалғыз жүру жоқ, үнемі үш-төрт қыз қол ұстасып жүруші еді.

Сол кезде көрген қиындығы қазір көрген түстей, ертегі сияқты. Онда асханадан карточкалық жүйемен тамақ беретін. Сабақтан шығып, үш-төрт қыз бір-бірін жетелеп, асханаға келеді. Үнемі кісі толып тұрады. Әрі қарай өтіп, аспазға жақындаудың өзі мұң. Амалсыз, үлкендерден соң кешке келеміз деп, өздерін жұбатып кері қайтады. Кешкілік келгенде «тамақ бітті» деген аспаздың қатқыл жауабын естиді. Үнемі тамақтан құр қалу оларға оңай тимеді. Амалсыз Меруерт Жолықайырқызы қосымша жұмыс іздеуге кіріседі. Ауылда екі-үш ай аға пионер вожатый болған аз-мұз тәжірибесі бар еді. Соны алға тартып, облыстық комсомол комитетіне барады. Ештеңеден тайсалмайтын батыл қыздың тілегі орындалып, сол кездегі №4 жалғыз қазақ мектебіне мектепке аға пионер вожатый болып орналасады. 1943 жылы Сталинград шайқасы қызып тұрғандықтан, Орда, Жәнібек аудандары соғыс жағдайында деп жарияланса, Орал да бұдан алыс емес еді. Соған орай, ол мектепте жұмыс тоқтатылады. Жұмыстан қол үздім деп жігері жасымаған ол әрі қарай іздеуді жалғастыра береді. Құрбысынан «Радиоға қазақ тілінде хабар жүргізетін диктор керек» дегенді естиді. Диктор дегеннің қандай мамандық екенін білмесе де, тәуекелге бел байлап, сынақтан өтеді. Жолы болып, радиоға диктор болып, жұмысқа қабылданады. Ол кезде облрадиокомитет қазіргі облыс әкімдігінде орналасқан еді.

-Қазақ тілінде хабар жүргізетін диктор болып жұмысқа алындым. Материалдардың бәрі орысша келетін, қиналдым да. Хабар жасайтын кеңсеміз терезесі шығысқа қараған, шымнан жасалған бір қабат үй «Зенит» зауытының қасында орналасқан еді. Арасында аздап «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетіне мақала жазып, 1 сом 50 тиын қаламақы аламын. Сөйтіп, екі-үш жылдай радиода әдеби қызметкер, қазақша хабардың редакторы болып қызмет жасадым. Ұлы Жеңісті хабарлау бақытына ие болдым, - дейді жаны жайсаң абзал ана.

Сұрапыл жылдар Меруерт Жолдықайырованың санасына өшпестей болып жазылып қалған.

-От жағайын десек, шырпы, солярка ол кезде мүлдем жоқ еді. Электр жарығы атымен болған жоқ. Ауылда бір жанған отты сөндіріп алмай, бірнеше күнге жеткізетінбіз. Мата қиындыларын оттыққа керек болады деп жинап жүретін едік. Нанды отқа көміп пісіреміз.

Ол кездегі балалар да ерте есейді ғой. Бәрі жасынан еңбекке араласты әрі ұйымшыл еді. 5-6 класс оқитын балалар бірі жүнді тазалап, бірі түтіп, енді бір тобы иіріп, келесісі шұлық, қолғап тоқып, майданға аттандыратынбыз. Ол қиын жылдарды басқа бермесін. Бүгінгі жастар бақытты. Не керектің бәрі бар. Тәуелсіз еліміздің игілігі үшін еңбек етуге толық мүмкіндік бар. Осынау мамыражай тіршілікті көріп отырған біздің де көңіліміз өсіп, марқайып қаламыз, - дейді ардагер.

Жеңіс хабарын алғаш елге жеткізген Меруерт Жолдықайырова Орал педагогикалық институтын бітіргеннен кейін 1946 жылы ұстаздықты қалады. Осы оқу орнында содан тапжылмай, күні кешеге дейін еңбек етті. Тіпті әлі де жастар ортасынан табылып, тәрбие бергенді жаны қалап тұрады. Туған білім ордасына көңілі құлағаны сондай, оның «Әкем - институт, шешем - кафедра» дегені қанатты сөзге айналып кетті. Енді ол Жеңістің 65 жылдығын да елімен бірге тойлағалы отыр.

Соңғы жаңалықтар