Батысқытайлық бизнесмендер Астанаға инвестиция салуға қызығушылық танытады
Кездесу барысында ҚХР Нинся-Хуэй автономды ауданының Комерция жөніндегі басшысы Тзуо Цинуй, жыл сайын қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық деңгейі артып отырғанын алға тартып, бизнесті өркендетіп, сауда-экономикалық қатынастарды жандандыру үшін бірлескен жобалар құруға баса назар аударылып отырғанын жеткізді. Айта кетерлігі, Батыс Қытайдағы Нинся провинциясы Дұнған автономды ауданына қарайтын, тұрғындарының басым бөлігі мұсылмандардан тұратын өлке болып табылады. Батыс Қытайда орналасқан жалғыз автономды ауданның экономика қарқыны да зор, онда негізгі бағыттар индустриялық және энергетика салалары мен туризм секторын қамтыған. «Өңіріміздің басты ерекшелігі - мұсылман мемлекеттерімен белсенді ынтымақтастыққа қатысты болып табылады. Бүгінгі күні ауданымыздың бизнес-қауымдастығы Араб елдерімен де белсенді байланыс орнатты. Ынтымақтастық жылдары біз мұсылман елдерімен ортақ ұстанымдарымыз бар екеніне көз жеткіздік, осының өзі кәсіпкерлер үшін өзара тиімді бизнес құруға септігін тигізуде», - дейді делегация өкілдері.
Өз кезегінде Астана қалалық кәсіпкерлер палатасы делегацияға елорданың экономиалық мүмкіндіктері туралы жан-жақты баян етті.
«Біз белсенді ынтымақтастыққа дайынбыз, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әзірміз. Қазақстандық тауар өндірушілердің қытайлық әріптестерімен саудасын жандандырып, көршілес елдің бизнесіне де жағдай жасағымыз келеді», - деді қалалық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Ғани Тасмағанбетов.
Бұдан бөлек, жүздесу барысында делегацияға «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен оның «Болашақ энергиясы» атты тақырыбы туралы ақпараттар берілді. Ауқымды көрмеге дайындықтың бүгінгі қарқынына назар аударылып, оның аясында ЭКСПО нысандарын келешектегі пайдалану игілігі туралы да әңгіме өрбіді. Соның ішінде жалпы аумағы 30 гектар алаңда жаңа аудан тұрғызылатыны, оның келешекте халықаралық қаржы орталығына айналатыны туралы сөз болды.
«Жүздесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты әлеуеттерді тереңірек зерделей түсу үшін іскерлік байланыстар орнатуға уағдаласты. Айта кетерлігі, соңғы уақытта қытайлық компаниялар Қазақстанның бизнес-қауымдастығымен ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөліп келеді. Солардың ішінде елорда аумағынан автовокзалдар мен паркингтер құрылысын инвестициялауға мүдделілік танытқан компаниялар да баршылық. Бұдан бөлек, қытай тарапы жалпы аумағы 100 гектар жерді алатын индустриялық парк құрылысына 30 млн. доллар инвестициялау мүмкіндігін де қарастыруда», делінген баспасөз баянында.