Баянауылда Қ.Сәтбаев атындағы VI Халықаралық жасөспірімдер олимпиадасы өтті

Бұл туралы «Ертіс дарыны» аймақтық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы хабарлады.
Жас зияткерлер химия, биология, физика, математика және информатика пәндерін білім сайысына түсті.
Жылдан жылға олимпиада қатысушыларының саны өсуде. Егер 2015 жылы халықаралық олимпиадаға 207 оқушы келсе, биыл 40 команда құрамында Қазақстанның 9 аймағынан, Алматы, Астана қалаларынан, Назарбаев Зияткерлік мектептерінен және Ресей Федерациясының Новосібір қаласы мен Саха Республикасынан (Якутия) 247 оқушы қатысты. Олимпиаданың басты ерекшелігі - математикалық және жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндер бойынша білім жарысының өтуі.
Облыстың командасында І дәрежелі дипломымен Павлодар қаласы дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушылары Арсен Тоққожин, Ярослав Басов, Милана Выдрина, Кристина Зелева, Әли Измаилов және №3 гимназиясының оқушысы Андрей Крюков марапатталды. ІІ дәрежелі дипломға №8 лицей-мектебінің оқушылары Михаил Шварцкопф, Антон Драганчук, Игорь Дерр, Владислав Черданцев, Богдан Ходацкий және «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің оқушысы Шыңғыс Нұрмағамбетов ие болды. ІІІ дәрежелі дипломмен №8 лицей-мектебінің оқушылары Халифа Әшенова, Жәнібек Жұмадиев, Иван Лущ, Андрей Щегляев және №3 гимназиясының оқушысы Дарина Жүнісова мен Абай атындағы №10 лицей-мектебінің оқушысы Айдын Сағынғали марапатталды.
Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 6 сынып оқушысы Антон Драганчук олимпиаданың ең жас қатысушысы болып танылды.
Олимпиада аясында Қаныш Сәтбаевтың өмірбаянына арналған зияткерлік марафонның қорытындысы бойынша Баянауыл ауданы әкімінің арнайы сыйлығы Астана қаласы «НұрОрда» қазақ-түрік лицейінің 8 сынып оқушысы Аидаға Беркінбаеваға табысталды.
Жүлделі орындарды молынан жинаған командалар: Павлодар қаласының құрама командасы - 18 орын, «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейі (Астана қ.) - 8 орын, Астана қаласының қазақ-түрік лицей мектебі - 5 орын, Новосібір қаласының №1 гимназиясы - 4 орын, В. Ларионов атындағы физикалық-техникалық лицейі (Якутия) - 4 орын.
Олимпиада жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдеріне «Пәндерді ықпалдастыру және халықаралық олимпиадаларды өткізу тәжірибесі» атты оқыту семинары ұйымдастырылды.