Баянауылдағы «Молалар алқабының» құпия сыры

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар Қазақстан, Ресей, Моңғолия мен Баянауылдан келген студенттермен бірге ежелгі Андронов мәдениетінің өкілдері болған әйелдер қабірлерінің маңында сәбилердің не себепті жерленгендіктерін анықтамақ. 
None
None

«Хан қорық» жастар фестиваліне қатысушылар Қола дәуіріндегі бірегей тастармен жабылған баянауылдық «Молалар алқабына» қызығушылық танытты. Қазба жұмыстарын қыз-жігіттер Тимур Смағұлов басшылық ететін аймақтық Margulan Сentre археологиялық орталығымен бірлесіп өткізуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

- Бізді Андронов мәдениетінің ескерткіштері қызықтырды. Мұнда жерлеу рәсімі шамамен үш жарым мың жыл бұрын өткізілген. Біз андроновтықтар жерлеу рәсіміне арнайы таңдап алған аумақта жүрміз. Жалпы, бұрын да олар осы аймақта өмір сүріп, мал асыраған. Өкініше орай, ұрылар қабірде бағалы заттар бар екенін біліп, сол заманның өзінде тонау жасаған. Олай болмағанда, осы жерде алтын, күміс пен қоладан құйылған әшекей-бұйымдар табылатын еді, - дейді экспедицияға келген ресейлік танымал маман, Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің өкілі, тарих ғылымдарының кандидаты, этнология, антропология, археология мен физиология кафедрасының доценті Ирина Толпеко.

 Ғалымдардың айтуынша, қабірде жатқандардың басым бөлігі - әйелдер. Ал, олардың маңында көбі бір жасқа толмаған сәбилер жерленген. Не себепті? Археологтар осы жағдайдың сырын ашу ниетінде.



Айта кеткен жөн, бес жыл бұрын Омбы мемлекеттік университеті мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты өзара келісім жасаған. Бірнеше жылдан бері Margulan Сentre орталығымен бірге студенттер қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл «Туған жер» бағдарламасы аясында Баянауыл өңіріне археологиялық зерттеу жасалуда.



- Мұндаға қазба жұмыстары екі ай бойы жалғасуда. Молалар мекенін бірнеше мың адам көрді. Экспедицияның басты мақсаты - аспан астындағы таңғажайып мұражайдың негізін қалау. Бұл аймақ абаттандырылып, көркеюі керек. Алдағы уақытта осы аймаққа жолдар жасалып, ақпараттық тақталар ілінеді. Торайғыр өзеніндегі Баянауыл археологиялық мұражайында жөндеу жасалып, табылған жәдігерлер сонда жіберіледі, - дейді Тимур Смағұлов. 

Соңғы жаңалықтар