«Байқоңыр» кешенін Ресейге жалға беру 2050 жылға дейін ұзартылады - заң жобасы
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келісімнің мақсаты Қазақстан Республикасы мен РФ мүддесіне «Байқоңыр» ғарыш айлағын одан әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Осы ретте «Байқоңыр» ғарыш айлағында бірлескен жобаларды жүзеге асыру шаралары, оның ішінде жоғары деңгейдегі экологиялық қауіпсіз «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін жасау, сондай-ақ «Байқоңыр» кешенін РФ-ның жалға алу мерзімін ұзарту шаралары көзделеді. Келісімнің күшіне енуі «Байқоңыр» кешенін Қазақстан мүддесінде тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, осы айлақта РФ ұзақ мерзімді ғарыш бағдарламаларын, оның ішінде халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын іске асыру қамтамасыз етіледі.
«Әлемге әйгілі «Байқоңыр» кешенін осы келісім арқылы пайдаланудың Қазақстан үшін пайдалы жақтары мол. Соның ішінде келісімге сәйкес Байқоңырдан жүк алып ұшатын зымыран тасығыштардың болашақта қоршаған ортаға зиянын азайту мәселесі қойылып отыр. Мәселен, ғарыштық зымырандарды ұшыруда протон отынын пайдалану өте зиянды болып отырғаны белгілі. Сондықтан да, бүгінгі күні талқыланып отырған келісімде ғарыштық зымырандарды ұшыру барысында протон, гептиль секілді зиянды отындарын заманауи, залалы аз отындарға ауыстыру шарасы көзделеді. Яғни, бұндай зымыран отындарын пайдалану біртіндеп, сатылап жойылып, оның орнына экологиялық таза әрі жаңа зымырандық кешенмен ауыстыру қарастырылады. Ал бұл келісім күшіне енбесе «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін де дамытуға кедірге болады», деді ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев.
Депутаттар тарапынан Байқоңырдағы халықтың әлеуметтік жағдайына, өңірдегі Қазақстан азаматтарының білім алуына, құқығына қатысты бірқатар сұрақтар туындаған еді. Дегенмен, агенттік төрағасы проблемалы сауалдардың басым көпшілігі Байқоңыр қаласы әкімшілігіне қатысты болып отырғанын, ал қаралып отырған келісімде ең алдымен «Байқоңыр» кешенін техникалық дамыту шаралары қамтылғанын атап өтті. «Келісімнің мақсаты өңірдің әлеуметтік-құқықтық мәселелерін реттеу емес, ғарыштық-зымырандық ынтымақтастықты, спутниктік жүйені дамыту», деді Т. Мұсабаев.
Тоқтала кететін жайт, осыған дейін «Байқоңыр» кешенін РФ жалға алу мерзімі ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы шілденің 14-індегі қаулысымен ратификацияланған келісім бойынша екі елдің Үкіметтері арасында кешенді жалға беру шартында белгіленген және одан әрі ұзарту мүмкіндігімен 20 жылға жасалған болатын. Яғни, бұған дейінгі келісімге сәйкес «Байқоңыр» айлағы 2014 жылға дейін жалға берілген болатын. Ал бүгінгі қаралып отырған келісімнің 6-бабында «Байқоңыр» кешенін РФ-ның жалға алу мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту көзделеді. «Байқоңыр» кешенін РФ жалға алу мерзімінің ұзартылуына байланысты ҚР мен РФ арасында белгіленген әкімшілік-аумақтық өкілеттіктер шеңберінде Байқоңыр қаласының әкімшілігі мен РФ басқа да органдарының қызмет мерзімі ұзартылатын болады. Осылайша, екі ел арасындағы келісімге сәйкес «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімі 2014 жылдан 2050 жылға дейін ұзартылып отыр.