Байқоңырда Жеңіс парады өтті
«Байқоңыр» ғарыш кешенінің басшылығы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін, қала тұрғындары мен қонақтарын мейраммен құттықтады, одан кейін жиналған барлық қауым бір минуттық үнсіздік жариялап, соғыс құрбандарын еске алды, обелискіге гүл шоқтарын қойды.
Сағат 10.00-де Орталық алаңда Жеңіс парады басталды. «Байқоңыр» кешені ішкі істер басқармасының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен «Байқоңыр» кеденінің, Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің №70 федералдық өрт сөндіру қызметі арнайы басқармасының, «Жауынгерлік бауырластық» бүкілресейлік ардагерлер ұйымы өкілдігінің және «Жеңіс» әскери-спорттық ойынына қатысушылардың парадтық есептері соғыс ардагерлерінің алдымен жүріп өтті.
Бүгінгі Жеңіс парадының ерекшелігі сол, оған Қазақстанның күш-қуат құрылымдары да қатысты. Парадтан кейін орталық алаңмен мектеп оқушылары жүріп өтті, олар өз аталарының, байқоңырлық ардагерлердің портреттері бейнеленген Жеңіс полотносын алып өтті.
Бүгінде Байқоңырда, оның төңірегіндегі Төретам және Ақай кенттерінде 15 соғыс ардагері тұрады. Жеңіс күні қарсаңында барлық ардагерлерге және 70 тыл еңбеккеріне Байқоңыр әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцев мерейтойлық медальдар табыс етті.
Кешке қала тұрғындарын «Жеңіс көктемі» концерттік бағдарламасы күтіп тұр.