14:04, 14 Наурыз 2009 | GMT +5
Байқоңырдан Халықаралық ғарыш стансасына кезекті халықаралық экипаж аттанады
БАЙҚОҢЫР. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - «Байқоңыр» ғарыш айлағында кезекті ұшу сапарына дайындықтар аяқталып келеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Ресейғарыш» агенттігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, наурыздың 11-і күні «Байқоңыр» айлағына келген «Союз ТМА-14» ғарыш кемесінің негізгі және қосалқы экипаждары ғарыш айлағындағы жаттығуларына кірісіп кетті. Ал кеше, наурыздың 13-інде «Космонавт» қонақүй кешенінде ұшу сапарына қатысушы елдердің жалауларын көтерудің дәстүрлі салтанатты рәсімі өтті. Негізгі экипаждың ғарышкерлері Геннадий Падалка (Ресей), Майкл Баррет (АҚШ), Чарльз Симони (АҚШ), сондай-ақ олардың дублерлары Максим Сураев (Ресей), Джеффри Уильямс (АҚШ), Эстер Дайсон (АҚШ) Ресейдің, АҚШ және Қазақстанның жалауларын көтерді.«Союз ТМА-14» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасына наурыздың 26-сы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағының №1 алаңынан ұшырылады.