Байқоңырдан Халықаралық ғарыш стансысына «Прогресс М-07М» жүк кемесі аттанды
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 8-іне белгіленген сапар, ғарыш айлағының аумағындағы қатты желге байланысты, қосалқы уақытқа, бүгінге ауыстырылған болатын.
«Ресейғарыш» және «Қазғарыш» агенттіктерінің жедел қызметтерінің хабарлауынша, ұшыру штаттық режимде өтті. Зымырантасымалдағыштың үшінші сатысы ажырағаннан кейін, «Прогресс М-07М» жүк кемесі Жердің жасанды серігінің орбитасына шығарылды.
Ұшу сапарларын басқару орталығының баллистикалық қызметінің нақтыланған мәліметтері бойынша, «Прогресс» Халықаралық ғарыш стансысымен қыркүйектің 12-сінде мәскеу уақыты бойынша сағат 15.58-де түйіседі деп жоспарлануда.
«Прогресс М-07М» жүк кемесі орбитаға 2,5 тоннадан астам жүк, атап айтқанда, отын, оттегі, су қорларын, ғарышкерлердің Жердегі туған-туыстарының сәлем-сауқаттарын, стансаның американдық сегментіне және ашық ғарышта жұмыс істеуге арналған жабдықтарды, сондай-ақ азық-түліктерді, медициналық жабдықтарды, киім-кешектерді, тазалық заттарын, стансының ресейлік модульдарын жарақтауға арналған жабдықтарды жеткізеді.