Беларусь Үкіметі қазақстандық бизнестің Еуроодақ рыногына шығуға қолдау жасайтын болады

АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат -Беларусь Үкіметі қазақстандық бизнестің Еуроодақ рыногына шығуға қолдау жасайтын болады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ІІ Қазақстан-Беларусь бизнес форумы барысында Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Михаил Мясникович мәлім етті.
None
None

«Біздің бизнес тек ішкі рынокқа бағытталып қана қоймауы керек. Біздің бизнес үшінші елдер нарығында да жайлы жұмыс істеуі керек. Осы үшін біз қазақстандық бизнес қауымдастыққа өзімізде бар экономикалық және географиялық басымдықты ұсынып, әріптестеріміздің бизнесін Еуроодақ нарығына жылжытуға қолдау жасағымыз келеді», - деді М.Мясникович.

Осыған орай Беларусь Премьері Қазақстан Үкіметінің басшысы Серік Ахметовке қазақстандық және беларусьтық кәсіпкерлердің өнімдерін, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар арқылы үшінші елдердің нарығына ұсыну үшін жұмыс тобын құруды, оның құрамына министрліктер өкілдерімен қатар бизнес қауымдастығын енгізуді ұсынды.

Бұдан бөлек, Беларусь Премьері сөз арасында қазақстандық-беларусьтық бірлескен кәсіпорындардың тауарларын сатып алуда жеңілдетілген несиелендіру қамтамасыз етілетінін де атап өтті.

«Әрине, біз қаржылық қолдаусыз көптеген жобалардың табандап тұрып қалатынын да түсінеміз. Осыған орай, 2013 жылы Беларусь Үкіметі беларусь техникасын, тауарларын, оның ішінде Қазақстан мен Белоруссияның бірлескен кәсіпорындарында шығарылатын тауарларды жеңілдік несиемен сатып алу тетіктерін кеңейте түсетін болады», - дейді М.Мясникович.

Соңғы жаңалықтар