Белгілі әнші С.Жанпейісова Қаратөбеде концерт қойды
Дәстүрлі әнмен сусындатқан өнер мерекесінде Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары "Тараз" триосы және Жақсылық Қалкешов өнер көрсетті.
Батыс өңірінде шығармашылық сапарда жүрген Сәуле Жанпейісова өнерін асыға күткен қасиетті Қаратөбе еліндегі ән кешін өзінің ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевтың "Әнші дауысы" әнімен бастап, көрермендердің сұрауымен Мұхит бабамыздың "Үлкен Айдайымен" жалғастырды.
- Сал Мұхит пен Ғарекеңдей тума таланттар шыққан Қаратөбе еліне келіп, ән айту - маған мақтаныш, - деген Сәуле Жанпейісова атыраулық Қиса Көпжанұлының "Сағындым Жайықты", Нұрым жыраудың "Мен қашанғы жүйрігің", Нартай ақынның "Гигигайын", Наурызбектің термелерін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленіп, алғысын алды. Сонымен қатар Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған "Ортаңа келді өз балаң", "Ақжайық", "Ақ жаңбырлар" атты өзінің әнін орындап берді.
Кеш соңында аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин өнер иесіне Мұхит пен Ғарифолланың әндерін насихаттап жүргені үшін Қаратөбе халқының атынан алғысхат табыстады. Гүл шоғын ұсынып, иығына камзол жапты.