Белгілі исламтанушы ғалым В.Порохова Батыс Қазақстан жұртшылығымен кездесті

ОРАЛ. 22 сәуір. ҚазАқпарат - 22 сәуір күні «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының үлкен залында белгілі исламтанушы ғалым, қоғам қайраткері, Ресейдегі мұсылман орыстардың «Тура жол» діни ұйымының тең төрайымы Валерия Порохова Батыс Қазақстан жұртшылығымен жүздесті.
None
None

Валерия Порохова (Иман-Вера) ислам және өзге діндер туралы кеңінен түсінік берді және сұрақтарға жауап қайтарды.

Ақсүйектер тегінен өрбіген В.Порохова 1940 жылы Мәскеу қаласында өмірге келген. Негізі орыстанып кеткен немістен шыққан әкесі Михаил сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдары жазықсыз жазалауға ұшырапты. Бала кезінен көрген қиындыққа қарамастан, келешек ғалым Мәскеудің Морис Торез атындағы шетел тілдері институтын ойдағыдай бітіріп шығып, туған қаласында еңбек жолын бастады. Кезінде БҰҰ-дағы аудармашылық қызметке дайындалған Валерия Мәскеуде оқыған шамдық араб Мұхаммед Саид Рошдқа тұрмысқа шықты. Жұбайымен Шамда және Мысырда талай жыл өмір сүрді. Азамат болған екі ұлы бар. Ағылшын, араб, неміс тілдеріне жүйрік ол араб әлемінде жүргенде, қасиетті ислам дініне және «Құран-кәрімге» көңілі ауа бастады. Қасиетті кітапты 12 жыл бойы араб тілінен орыс тіліне аударды. «Құран-кәрімді» ағылшын тілінен де аударған осы адам. Араб тілінен аударма жасағанда, жас маман Мысырдағы Әл-Азхар аш-Шариф академиясының аударма жөніндегі бас департаментіндегі ислам әлеміндегі ең беделді сарапшылардың батасын алған екен. Ол - Ресейдің жекелеген академияларының академигі және мүшесі. 1991 жылдан бері «Әл-Фуркан» ислами ағартушылық орталықтың кеңесін басқарады. Орталықтың бас директоры - оның жұбайы Мұхаммед Саид Рошд.

- Атақты орыс академигі Крачковскийдің өткен ғасырдың басында-ақ «Құран-кәрімді» орыс тіліне аударғаны көпке мәлім, - деді ғалым, - Алайда тамаша ғалым, сұңғыла арабтанушы болса да, қасиетті кітаптың толық мағынасын және рухани нәрін тап басып бере алмапты. Өйткені Аллаһтан осыдан 1400 жыл бұрын түскен, көне араб тілінде берілген және ескі жазумен таңбаланған «Құран-кәрімді» қазір басқасы былай тұрсын, кез келген араб оқи алмайды. Сондықтан әуелден оны оқып-түсіну үшін сан алуан ғұламалар 32 томдық тафсир (түсіндіру) жазған. Өз басым, солардың ішінде Аразидың туындысына ден қоямын. Құран-кәрімнің мән-мағынасын түсініп, оның тұла бойы поэзияға толы сүрелері мен аяттарын аударуда маған ақындық дарыным және Ресей Жазушылар одағының мүшесі болғандығым айтарлықтай септігін тигізді. Әлемде «Құран-кәрімнің» ағылшын тілінде 105, француз тілінде 100, ал орыс тілінде бар болғаны алты аудармасы бар. Демек, Ресей мен орыстардың осы бір тамаша рухани қазына жөніндегі түсінігі мүлдем кемшін. Жалпы, Аллаһтан түскен соңғы кітап ежелден бүкіл әлемде қызығушылық туғызып келеді. Өйткені ол - мазмұнына ешқандай өзгеріс енгізілмеген бірден бір қасиетті кітап.

Валерия Иманның айтуынша, бес сүре, бес аятты жаттап алып, «Мен мұсылманмын!» деп төс қағу - күпірлік. Өйткені ислам - түпсіз терең рухани әлем. Оны тек толық түсіну қажет. Таңдаулы мұсылман ғұламаларының өзі өмірін түгел арнаса да, исламның ақиқатын толық түсінуге уақыты жетпеген. Әлемде діндер бойынша бөліну жоқ. Адамзат тек діндарлар мен құдайсыздар (атеистер) болып, екіге бөлінеді. Сондай-ақ әр діннің рухани қызметі түрліше. Мәселен, христиандықта шіркеудің қызметі мүміндердің Ғайсаға табынушылығын ауыстырғанға ұқсайды. Исламда адамға, соның ішінде пайғамбарға да табыну жоқ. Мүміндер Аллаһтың елшілері ретінде оларға үлкен құрметпен қарайды. Аллаһқа бас ұру, оған серік қоспау исламда басты орында тұр.

Атақты ғалымның пайымдауынша, «ислам» сөзі тыныштық пен қауіпсіздік мағынасын береді. Ол қандай ма болсын бүлікке, бөлінушілікке қарсы. Ал «ислам лаңкестігі» немесе «жүгенсіздігі» деп даурығатындар түрлі дін өкілдерін бір-біріне айдап салатын, сұрқия саясаттың мұндарлары. Осы жерде танымал дінтанушы 2001 жылғы 11 қыркүйектегі Нью-Иорктегі «егіз мұнаралардың» күйреуіне мұсылмандардың еш қатысы жоқтығын, мұның АҚШ-тың арнаулы қызметтері ұйымдастырған саяси арандату екенін әңгімеледі. Жалпы, қай дінге жалған жала жабудың да үлкен күнә екендігін баса көрсетті. Сонан кейін ислам дініндегі «жиһад», «хиджаб», «зекет» және басқа ұғымдарға қатысты кеңінен түсінік берді.

«Құран-кәрім», «Тәурат» және «Інжіл» сынды киелі кітаптардан алынған үзінділерді жатқа соғып, жиналғандардың аузын аштырған В.Порохова әлемде өлім жазасын қолданбау сынды келеңсіз көріністің етек алып кеткеніне қынжылыс білдірді. Кісі өлтіру, әйел зорлау, ұрлық сынды әрі күнә, әрі қылмысты істерге Аллаһтан кітап түскен үш дінде де қатаң жаза белгіленгенін айтқан ол өлім жазасын қолданбаудың түбінде жақсылыққа апармайтынын атап көрсетті. Міне, соның салдарынан АҚШ пен Батыста жезөкшелік пен киеңкілік, бір жыныстылардың некесі сияқты сорақылықтар адамзаттың ар-ожданына қайшы болумен қатар, түбінде бір Жаратушымыздың жазасын алатыны анық. Олай болса, әр адам жаны қалаған дініне адал болып, иманды істерге үйірілуі тиіс. Сонда Аллаһтың да адамзатқа мейірімі де, шапағаты да шексіз.

Соңғы жаңалықтар