10:24, 20 Тамыз 2010 | GMT +5
Белгілі өнерпаздар ел ішіне шығып, концерт қойды
ОРАЛ. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - ҚР Конституциясының 15 жылдығына және ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдығына орай белгілі әнші, айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бердіғалиев, Ғ.Құрманғалиев және Мұхит атындағы дәстүрлі әншілер байқауларының лауреаты Серік Әбдірахманов, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Еркін Өтегенов Ақжайық ауданында «Шырқал, ән!» атты концертін қоюда,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдымен Жанама ауылында өнер көрсеткен олар сапарларын Базаршоланда жалғастырды. Содан кейін Базартөбе, Қарауылтөбе, Есенсайға кезек тимек. Қатимолла мен Серік батыстың дәстүрлі ән мектебін алға апарушылар болса, Еркін - республикалық додаларда жүлде алып жүрген эстрада әншісі. Е.Өтегеновтің айтуынша, ол таяуда Орынбор сахнасында өнер көрсеткен. Енді Ақтөбе, Астана сахналарына шықпақ.