Белсенді әйелдерге мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіле беретін болады - БҚО
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия отырысында мәлім етілді.
Онда биылғы жыл қорытындылары сараланып, алдағы жылғы ой-жоспарлар белгіленді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметіне қарағанда, гендерлік саясат саласында өңірде 11 үкіметтік емес ұйым болса, соның үшеуі Шыңғырлау, Ақжайық және Зеленов аудандарында қызмет етеді. Биыл әйелдер шығармашылығын, кәсіпкерлікті қолдау, еркіндігі мен құқығын қорғау бағытында 2 млн. теңгеге 4 жоба жүзеге асырылды. Соның 300 мың теңгесі бала тәрбиелеп отырған мүгедек әйелдерді қолдауға, 400 мыңдайы тең құқылық пен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бөлінді. Дегенмен, комиссия мүшелері атап өткеніндей, аталмыш саланы қаржыландыру әлі де жеткіліксіз. Бұл ретте алдағы жылы көптеген ведомстволардың өз бюджетіне гендерлік теңдік стратегиясы мәселелерін жүзеге асыруға қаржы салуына үміт артылып отыр.
«Гендерлік саясат - Елбасы саясатының маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жасау қажет. Әр ведомство өз салалары бойынша үкіметтік емес ұйымдар жобаларын қаржыландыруы керек», деді С.Сүлеймен.