Берлинде қазақстандық делегация ІТВ-2013 Бүкіләлемдік туризм индустриясы көрмесіне қатысты

Биылғы жылы биржада әлемнің 180-нен астам елінен 11 мыңға жуық түрлі стендтер ұсынылды.
Көрмеде дәстүрлі түрде қазақстандық стенд ұйымдастырылды, ал биржаның жұмысына құрамына ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі комитеті, «Астана EXPO-2017» бірлестігі, Қазақстандық индустрияны дамыту институты мен «Эйр Астана» әуекомпаниясының басшылары мен өкілдері кірген ҚР делегациясы қатысты.
Көрме аясында қазақстандық делегация шетелдік туристік компаниялар мен БАҚ-тардың танымал өкілдерімен көптеген кездесулер өткізіп, Жібек жолы бойынша министрлер саммитінің жұмысына қатысты, демалыс пен сапарлар индустриясы саласындағы мүмкіндіктер мен ынтымақтастық әлеуетін талқылады, сондай-ақ бірқатар маңызды келісушіліктерге қол жеткізді.
Шара барысында «KazNex Invest» Ұлттық агенттігі туризм саласындағы инвестициялық жобалардың тұсаукесерін өткізді.
Ал 6 наурызда Қазақстан Республикасының ГФР-ғы Елшілігі мен қазақстандық-германиялық қоғам шетелдік БАҚ өкілдері мен көрменің қонақтары үшін арнайы баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Туристік саланы дамыту және 2017 жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін EXPO халықаралық мамандандырылған көрмесі оның негізгі арқауына айналды.
Көрме аясында туристік индустрияны насихаттау және дамыту тақырыптарындағы шығармашылық байқаудың қорытындылары бойынша EXPO-2017-ге арналған қазақстандық бейнеролик бірінші орынды иеленіп, арнайы жүлде алды.