«Бэтмен» құтқарған Бекжан дәрігер болуды армандайды

28 шілдеде Көкжиек шағын ауданындағы көппәтерлі үйге отқа оранып, Жұмаділовтардың қос ұлы өрттен аман қалып еді.
Одан бері 3 жыл өтсе де бұл оқиға күні кеше болғандай алматылықтардың жадында тұр.
«Ол күні мен жұмыста болғанмын. Көршім үйің өртеніп жатыр дегенде үйге ұшып жеттім. Ары қарай бәрі көрген түстей болды», - деді балалардың әкесі Мәлік Жұмаділов.
«Ол кезде Нұрдаулет 5 жаста болатын. Мектепке бармаған кезі. Бекжан 6 сыныпта оқиды. Бекжанның денсаулығына байланысты оны 6 ай сайын шипажайға жатқызамыз. Сол күні шипажайдың құжаттарын реттейін деп емханаға шыққанмын. «Гүлжахан тате, үйіңіз өртеніп жатыр» дегенді естіп дереу 20 минутта таксимен кері қайттым. Балаларым таңғы асын ішіп отырған болатын. Мен оларды ел қатарлы сыртқа шыққан шығар деп келдім. Келсем, барлығы шығып алған менің балаларым жоқ. Көкөніс сататын келіншек Гуляның ұлдары қалып қойды деп айқайлап жатыр екен. Өзіңіз ойлаңызшы, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Аяқ қолымыз істемей қалды. Әкесі екеуіміз шырылдап тұрмыз», - деді Гүлжахан Құраханова.
Кейін шу басылған соң балалар неге сыртқа шыға алмағандарын айтқан.
«Көршінің барлығы қашып кеткен, подьезд іші түтін. Адам адамды көрмейді. Далаға қарайтын терезе жоқ. Бекжан інісі қасында болғаннан кейін тастап кете алмаған. Түтіннен қорқып, үйге қайта кіріп үлкен сүлгіні алып ауыздарын жауып отырған. Алып шыққан кезде есімізден тандық та қалдық. Балаларды жедел жәрдем алып кетті. Біреулер су әкеп беріп жатыр. Тілімнің астына таблетка қойды. Бір сағаттан кейін есімді жинап, жалма жан кім шығарды деп сұрадым. Учаскелік инспектор «білмеймін, апай, бір жігіт алып шықты» деді. Ол жігіт қайда десем, машинасына отырып кетіп қалыпты», - деп күлді Гүлжахан Құраханова.
Сол күні өртенген үйдің қасынан өтіп бара жатқан 61993 десант шабуылдаушы бригадасының кіші сержанты Ғалымжан Әлеуханов шырылдаған ананың даусын естіп, ойланбастан отқа оранған үйге қойып кеткен. Осылайша өз өмірін қатерге тіге отырып, 5 және 10 жастағы екі баланы өрттен аман алып шықты. Осы ерлігі үшін ол Елбасының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды. Сонымен қатар «100 жаңа есім» жобасында көпшіліктің дауыс беруімен жеңімпаз атанды.
Көрер жарығы бар балалар қазір есейіп қалды. Биыл Бекжан 9 сыныпты бітіреді. Денсаулығының кінаратына байланысты ол болашақта дәрігер болуды армандайды.
«Ғалымжан сияқты ол да өскенде адам өмірін арашалап қалғысы келеді. Ал Нұрдаулет №177 мектептің 2 сыныбында оқиды. Осы балаларымды құтқарған Ғалымжанның ерлігі есімнен кетпейді. Өмірде ойламаған жерде қимас бауыр таптым. Қазір туыстар сияқты араласып тұрамыз. Ғалымжанның үйлену тойына, қызының тұсаукесер тойына бардық. Қызының тұсауын ағасы Мәлікке кестірді. Ғалымжанды туған ата-анасына мың рахмет. Маған еткен жақсылығы алладан қайтсын», - деп ризалығын білдірді Құрағанова Гүлжахан.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының тумасы Ғалымжан Әлеуханов қазір келісімшартпен десанттық шабуылдау-әскерлеріне қарасты Алматыдағы № 61993 әскери бөлімінде барлау-шабуылдау батальонының бөлімше командирі болып қызмет етіп жатыр. Әскери борышын өтеп жатқанына осымен 9 жыл болып қалды.
Осындай көзсіз ерлігі үшін сол кездегі Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «100 жаңа есім» жеңімпазы атанған жалғыз әскери қызметші Ғалымжанға «Ерлігі үшін» медалін тапсырған болатын. «Бейбіт күнде басын қатерге тігіп, екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеуханов ерен ерлік көрсетті. Оның бұл ісі - барша жұртқа үлгі. Сол себепті «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады», - деді Елбасы.
Ғалымжанның ерлігі көпшіліктің көзіне жас үйіргені сөзсіз. Оның әрекетіне еліміздің түкпір-түкпірінен аналар алғыс білдіріп жатты. Осының дәлелі ретінде «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атануын айтуға болады.