Бейбіт күнде арманы орындалған қарт майдангер
Бір жағынан сұм соғыс мыңдаған отандасы мен екі ағасынан айырса, сол от пен оққа кеудесін тоса жүріп, кешегі қан кешкен батырларымыздың арқасында бейбітшілік туы желбіреді.
1925 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген кейіпкеріміз де қиындықтың дәмін ерте татты. 8 жасында аштықтан әкесі қайтыс болса, анасы мен бауырларынан адасып қалады. Сөйтіп, балалар үйінде ер жетеді. Кейін Ақтөбе маңындағы Бершігүл шахтасында жұмыс істеп жүргенінде Қызыл Армия қатарына шақырылды, деп жазады astana.kz сайты.
«1943 жылы сәуір айында ҰОС-қа аттандым. 18 жасқа толар кезде әскер қатарына алынып, Забайкальеде әскери қызмет еттім. Қиыр Шығыстағы Владивосток аумағында бекіністе жатып, артиллерист және шекарашы ретінде әскери дайындықтан өттік. Бұл кезде Жапониямен соғыс жүріп жатқан уақыт болатын. Олардың әр қадамын аңдып, жаудың жағадан алуына жол бермедік», - дейді ҰОС ардагері Жанияз Шалболов.
Бүгінде 88 жасқа келген ардагер Жамал апайымыз екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, солардан немере, шөбере сүйіп отыр. Олардың ендігі арманы өздері көрген қиыншылықты келешек ұрпақ көрмесін деген тілек қана.
«Соғыста достарым көп еді. Соғыс аяқталғанда аман қалған 27-міз бірге елге оралдық. Үйлендік, қызмет істедік. Бірақ бүгінде олардың көбі о дүниелік болып, соның 3-еуі ғана тірі. Соғысты еске алмауға болмайды. Адамзатқа көп қиыншылық әкелген соғыс ешқашан ұмытылмайды. Шекара күзетіп дзотта жатқанда 3-4 күн тамақ ішпеген кездеріміз болды. -50 градусқа дейінгі суыққа да шыдадық, окоп қаздық. Окопта жатып суда ұйықтап қалатынбыз», деп еске алады ардагер.
Жанияз Шалболов 1943-1945 жылдары №47994 әскери бөлімде рота старшинасы болды. Забайкалье, Қытайдың Маньчжурия, Қорғас аймақтарын жаудан азат етіп, Жапонияның Квантун армиясына қарсы майданға қатысқан. Старшина, пулеметші, құралайды көзге атқан мерген болған. «Жапонияны жеңгені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Қытай-жапон соғысының 65 жылдығына орай ҚР-дағы ҚХР-дың елшісі Чжоу Лидің Алғыс хатымен марапатталған.