Бейбітшіліктің дәні қазақтың ақжарқын, кең пейіл халқымен егілген - «Алеф» еврей бірлестігінің өкілі
Жылдар, ғасырлар бойы қалыптасқан бекем бірлік пен тату өмір бүгінде Қазақстанды әлемге бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде танытты. Мұнда әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды заманауи діни мәселелерді шешу үшін жиналып, сұхбат құруға келеді. Бұның барлығы Қазақстанда қатар өмір сүріп жатқан әрбір 130 этносқа тиесілі ұлық мақтаныш, біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуетін білдіретін мерейлі мұрат. Қазақстандағы ұлттар достастығының айқын мысалдардың бірі елдегі еврей диаспорасының тарихы. ҚазАқпарат тілшісіне Астанадағы еврей қауымының мүшесі, «Алеф» ұлттық орталық басшысының орынбасары Николай Горбуновпен тілдесіп, Қазақстандағы еврей диаспорасының өмірімен танысудың мүмкіндігі туды. Оның айтуынша, бір Астананың өзінде бірнеше мың еврей ұлтының өкілдері тұрады және өздерінің дәстүрлерін дамытуға кең жағдай жасалып отыр.
- Николай Николаевич, «Алеф» орталығы жайла айтып берсеңіз?
-Еврейлердің «Алеф» этно-мәдени бірлестігі 1993 жылы құрылды. Ол кезде елдегі еврей диаспорасы өздерінің мәдениетін, дәстүрін сақтау мүмкіндігіне ие болғанына қуанып, туған тілін оқып үйренуге жол ашылғанына шүкіршілік еткен кез еді. Өйткені, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрған замандарда иврит тіліне шектеу қойылған болатын. Ең бастапқыда тілді, мәдениетті, тарихты оқытудан бастаған бірлестік, кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына енді. Қазір этно-мәдени бірлестікке тек сол ұлыстың өкілдері ғана емес, сондай-ақ еврей елінің мәдениетіне, ділі мен тіліне қызығушылық танытқан әр түрлі ұлттардың перзенттері келеді. Адам өз мәдениетін танумен шектелмей, көршісінің өмір салтын, өткенін білуге талпынса - ол өжет адамның бірі деген сөз. Жанындағыларды неғұрлым көп таныған сайын, адам өз түсінігінде ол халықтың айналасында құрылған қасаң стереотиптерді бұзады. Сондықтан елдегі әр түрлі этно-мәдени бірлестіктер бір-бірімен достық әріптестікте өмір сүреді. Мәселен, орыстар біздерді «орыс жазуының күні» мерекесіне шақырып жатса, татарлар өздерінің «сабантойларына», біз өзіміздің «кітап күні» атаулы шарамызға басқосу ұйымдастарып, бір-бірімізбен сұхбаттасып, арқа-жарқа болып жүреміз. Поляктар жайында көп білеміз, түрік бірлестігімен қарым-қатынас тығыз орнаған. Оның жас та болса өте білімді жетекшісімен әңгімелескенді, шыққан тегіміз, тарихымыз туралы мағлұматтармен алмасқанды өзім үшін ғибрат санаймын. Осындай жағдаят Қазақстан қоғамын татулықта, бірлікте ұйыстырып отыр десек қателеспейміз. Тіпті ол бауырластыққа ұласып кетті.
- Орталықтың басты мақсаты, міндеті не?
-Біз мұнда жиі жиналамыз, әсіресе өздерінің мәдениеті, тілі жайында оқып-білгісі келетін жастардың қарасы молайып келеді. Қазіргі уақытты мен иврит тілінің өркендеу кезі деп анықтар едім. Мен иврит тілінен сабақ беретіндіктен, бұл үдерісті бақылап, бажайлап отырамын. Сондағы байқағаным - жастардың қызығушылығы артып, орталықта өздерінің ата-бабалары сөйлеген тілді үйренгісі келетіндер көбейді. Ғалымдар иврит тілі біздің ғаламшардың ең көне тілдерінің бірі деп тауып отыр. Диаспорада оны білетін адам бірен-саран. Иврит тіліне бұрын тыйым салынғандықтан, менің өзім бұл тілге кейннен үйрендім.
Мен сіздерге бір оқиға айтып берейін. Былтыр Астанаға БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун келіп, біздің барлық этно-мәдени бірлестіктерді аралап шықты. Себебі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстандық БҰҰ» деген ресми емес атауы оған белгілі болатын (бір қызығы бұл атауды БҰҰ-ның бұрынғы басшысы Кофи Аннан Қазақстанға жасаған тұңғыш сапары кезінде берген). Сондықтан да болар, ол бізге «әріптестерімен» жүздесуге келді. Мемлекеттердің демократиялық дамуы, мәдениеттілігі және өркениеттілігі көптеген критерийлер бойынша анықталады, соның бірі - елдегі еврей диаспорасына деген көзқарас пен қамқорлық та бар екендігін атап өткім келеді. Сол себепті ол ең бірінші біздің орталыққа бас сұқты. «Қазақстанда қалай өмір сүріп жатырсыздар?» деген сауалға біздің орталықтың жетекшісі Моисей Гольдберг «біздің ұлтымызды, еврей екенімізді ұмыттырмай келе жатқан біздің Президентімізге мың алғыс»,- деп жауап қатты. Шынымен де біз Қазақстанды өз еліміз деп қараймыз. Біз басқа этностардың тілін, мәдениетін жоғалтып, байырғы халық арасында жүріп жұтылып кеткен халықтарға қарап-ақ, осындағы жағдаймен салыстыра аламыз. Бұнда өз ұлтымызды, өзіміздің тамырымызды ұмытпай, оны сезінуге және бірлігі жарасқан, көпұлтты Қазақстанның жеңісін бағалауға мүмкіндігіміз бар.
- Қазақстандағы еврей диаспорасының тарихы жайында айтып кетсеңіз?
-Еврейлер Қазақстанға Ресей патшалығы кезінде, Сібірді игеру науқаны тұсында алғаш рет Шығыс Қазақстан облысы аймағына қоныстана бастаған. XIX ғасырда-ақ мұнда тұңғыш синагога пайда болды. Кейін оны Кеңес Үкіметі күштеп тартып алған болатын.
Еврей жұртының қазақ жеріне қоныстануына ең үлкен серпіліс берген оқиға - Кеңес заманы тұсындағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны болды. Бұл қозғалысқа еврейлер де тартылып, Қазақстанға көптеп қоныс аудара бастады. Алайда бұнда тың игеруге дейін де еврейлер болды деп жоғарыда айттық қой. Олардың арасында қазақ музыкасын жинап, зерттеуші Евгений Брусиловский сынды азаматты атап өтуге болады. Өзі еврей бола тұрып, қазақ халқын, қазақ мәдениетін жанындай сүйіп өткен жан. Сондықтан «Қазақстан менің - елім, біз - бір командамыз!» деген біз үшін бос сөз емес. Қазір бұны жиі айтатын болды. Тек осы ғибратты сөзді шөп басында секірген кейбір жандар арзандатып жібермесе игі. Бұны жеңіл ұранға айналдырмай, өмірлік қағидаға балап, ұжымдаса отырып адал ақтасақ, меніңше, өнегелі, ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстан, әлемдегі жағымсыз үрдіске қарамастан, ары қарай тұрақтылық жолымен дами беретіні анық. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде 20 жыл ғұмыр кешіп келеді. Тарлан тарих үшін тым қысқа болып есептелетін осы жылдар аралығында, біздің еліміз, қазірдің өзінде өзінің тағылымды тәжірибелерімен әлем жұртшылығына үлгі болып танылды. Қырғызстанда ішкі буырқаныстар бұрқ еткен кезінде, «мемлекет ары қарай өмір сүре ме, сүрмей ме» деген сауал тұрған тұста, елдігіне нұқсан келген сәтте кім қол созды?! Біз, біздің мемлекет жәрдем көрсетті. Аталмыш оқиғалар толқынысы саябырсып, азды-кем тұрақтылық орнағаннан соң, қырғыз диаспорасының бір өкілі сапармен барып келді. Одан Қырғыстан тыныштығы жағдайынан хабар алуға тырыстық. Ол екі ел халықтары достығының символы болсын деген ниетпен салынған қырғыз бен өзбектің төс қағыстырып тұрған ескерткішін орнату салтанатында болып қайтқан екен. Ал бізге ол керек емес, себебі біз Қазақстанда мұны баяғыда тындырғанбыз, бізде барлығымыз құшақтасып тұрған «ескерткіш» бар.
- Бүкіл әлем қауымдастығы Қазақстанның осы берік татулығына, тыныштығына таңырқай қарайды. Біздің табысымыздың басты сыры неде деп білесіз?
-XX ғасырдың басында жергілікті ақжарқын, кең пейіл халық Қазақстанға күштеп көшірілген «переселендерді» жылы шыраймен өз қатарларына қабылдап алды. Соңғы тілім нанын үзіп беріп, аштықтан аман алып қалды, бір уыс көмірімен бөлісіп, қақаған қыстан есен шығарды. Бейбітшіліктің дәні бастапқыда осылай егілген... Қазақтар келген ұлыстарды жатжұрттық деп бөлмеді, сондықтан татарлар, шешендер, кәрістер, мұндағы барлық этностар Қазақстанның өз баласындай болып кеткен.
Тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған Қазақстанның жаңа тарихына келетін болсақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатын айтпай кетуге болмайды. Еврей халқында мынадай бір нақыл бар: «Данагөй адам деп өзгелерден ақыл үйренгенді айтады». Осы тұрғыда Елбасымыз дүниенің әр тарабына сапар жасап, төрткүл дүниені аралап шықты. Иран, Пәкістан, Америка, Еуропа елдері мен бұрыңғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттерге аяқ басты. Сонда ол барлық нәубеттің көзі - ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеудің солақай, солғын саясатынан екендігін түсінді. Содан бастап Елбасы өзінің сара шешімімен Қазақстанның жаңа дәуірін қалауға кірісті. Ең бірінші ол елорданы Астана қаласына ауыстырып, елдің жаңа өмірінің негізін жасады. Содан соң Президент елдегі барлық ұлттар мен этностарды бір шаңырақ астында біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Міне, ең бірінші өзгелердің қателіктерін бағамдады, содан соң саясатты қалай келістіру керектігін көрсетті.
Бірде Оңтүстік Корея мемлекетінің Басшысы келді Қазақстанға. Ресми кездесулер аяқталған соң, делегация мүшелеріне Қазақстандағы корей диаспорасымен кездесу ұйымдастырылған екен. Сонда Оңтүстік Корея Президенті «біздің корейліктер» деп жадырай көріскенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «жоқ, олар сіздердің емес, біздің корейліктер» деп қаны бөлек болса да, бір шаңырақ астындағы бауыры екендігін танытты. Яғни осы бір мысалдың өзінен-ақ Президент Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ жерінде тұратын кіші халықтарға деген көзқарасын білуге болады. Президенттің дана саясатының арқасында Қазақстандағы барлық адамдар, ұлтының және дінінің әр түрлілігіне қарамастан, қазақ жерінің жемісін жеп өскен бір баладай болып кетті.
- Сұхбатыңызға рахмет!